Қостанай облыстық соты мәліметінше, әйел ауыз су автоматтарындағы QR-коды бар стикерлерді жыртып, монета қабылдағыштарды бітеп тастаған. Салдарынан аппараттар істен шығып, бірнеше ауданның тұрғындары ауыз сусыз қалды.
Сот талқылауы барысында азаматша И.-дың бұрын жеке кәсіпкерлікте жұмыс істегені, ағымдағы жылдың қаңтар айында жұмыстан шыққаны анықталды. Оның айтуынша, жұмыстан шыққаннан кейін басшылық оған еңбек кітапшасын және жалақысының бір бөлігін бермеген.
Сотқа азаматша И.-нің QR-кодтарды бүлдіруге және автоматтарды ластауға қатысы бар екенін растайтын бейне дәлелдемелер, фотосуреттер және куәгерлердің айғақтары ұсынылды.
Су автоматтармен байланысты мәселелер наурыз айында басталған. Қала тұрғындары жұмыс істемейтін автоматтарға қатысты бірнеше рет шағымданған. QR-кодтардың бүлінуі төлем жасауды мүмкін етпесе, бітелген монета қабылдағыштар аппараттардың жұмысын толығымен бұғаттаған. Жеке кәсіпкерлік қызметкерлерінің бірі азаматшаның әрекеттерін видеоға түсіріп, бірден полицияға хабарласқан.
"Сот қаулысымен И. ӘҚБтК-нің 147-1-бабының 1-бөлігі (бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 137 600 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл түріндегі жаза тағайындалды", - делінген ақпаратта.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.