Екеуі де бір қалалық мектепте оқыған. «Ақ Жайық» тілшісі білім беру мекемесінің әкімшілігімен хабарласқан.
Мектеп директоры Айғаным Махметованың айтуынша, марқұмдардың бірі — жақында 9-сыныпты тәмамдаған оқушы. Ол жақында аттестат алып, оқуын жалғастыруды жоспарлаған.
— Өте мейірімді, жарқын жүзді еді. Көпбалалы отбасындағы үшінші бала. Әрдайым ата-анасының қасында жүретін, үлкендерді құрметтейтін, ортада белсенді еді. Ережені бұзбайтын, үнемі күлімсіреп жүретін, — деп еске алады директор.
Екінші құрбан — 10-сынып оқушысы, мектептің үздік оқушылардың бірі болған қыз бала.
— Үздік оқушы, қоғамдық шараларға белсене қатысатын, көпбалалы отбасының қызы. Өте мақсатшыл, жауапкершілігі жоғары, мейірімді еді. Себебін білмейміз, бірақ бұл бүкіл мектеп үшін үлкен қайғы. Өте өкінішті — олар білімді, мейірімді балалар еді, — дейді директор.
Оқушылар жазғы демалыста еді. Дегенмен, мұғалімдердің айтуынша, оқу жылы барысында мектепте суицидтің алдын алу шаралары: сынып сағаттары, психологтармен әңгімелер, ата-аналар жиналысы жүйелі түрде өткізіліп отырған.