Алматыда антибиотик салдырғаннан кейін жағдайы күрт нашарлап, 14 жастағы жасөспірім көз жұмды. Баланың ата-анасы медициналық процедура кезінде қателік кеткен болуы мүмкін деп есептейді. Қазір оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
«Седьмой каналдың» мәліметінше, дәрігерлер жасөспірімнің өмірін жеті күн бойы сақтап қалуға тырысқан. Алайда оны аман алып қалу мүмкін болмаған.
Баланың ата-анасының айтуынша, тамыз айының басында ұлының лимфа түйіндері үлкейген. Олар бірнеше медициналық мекемеге жүгініп, баланы дәрігерлер тағайындаған антибиотиктермен және басқа да препараттармен емдеген. Бірақ оның жағдайы жақсармаған.
21 қазанда ата-анасы жасөспірімді Алматыдағы емханалардың біріне апарған. Анасының сөзінше, инфекционист дәрігер антибиотик тағайындап, препаратты енгізер алдында сынама жасау қажеттігін ескерткен.
Алайда екпеден кейін баланың жағдайы бірден нашарлаған. Анасы медициналық процедура кезінде дәрігерлердің препарат мөлшерін өзара нақтылағанын айтады.
«Ол екінші медбикеден препараттың қандай дозасын енгізу керегін сұрады: “0,5 пе?” деді. Екіншісі “Иә, 0,5” деп растады. Бұл сөз екі рет қайталанды. Препаратты бұлшықетке салды. Баланың жүрегі айнып, құсқысы келді. Ол өзін жайсыз сезініп тұрғанын, бүкіл денесі шаншып бара жатқанын айтты», – деп еске алды анасы.
Әйелдің айтуынша, баланың жағдайы тез нашарлап, кейін денесі құрысып, есінен танып қалған. Ата-анасы мұны ауыр аллергиялық реакция болуы мүмкін деп болжайды.
Жасөспірім кейін Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізіліп, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Дәрігерлер жеті күн бойы оның өмірін сақтап қалуға күш салғанымен, бала қайтыс болды.
«Біз соңына дейін үмітімізді үзбедік. Алғашында қатты күйзеліп, көз жасымды тыя алмадым. Кейін өзіме: “Ұлымның жүрегі соғып тұрғанда, мен оны жоқтап жыламаймын” дедім. Осы күндердің бәрінде өзімді ұстауға тырыстым», – деді анасы.
Қайғыдан қан жұтқан отбасы полицияға арызданған. Олар балаға нақты қанша мөлшерде дәрі енгізілгенін, екпенің медициналық талаптарға сай жасалған-жасалмағанын және баланың жағдайы нашарлаған кезде медицина қызметкерлері қандай көмек көрсеткенін анықтауды талап етіп отыр.
Сонымен қатар ата-анасы медициналық құжаттарда сәйкессіздіктер бар екенін алға тартады. Әкесінің айтуынша, құжатта көрсетілген препарат мөлшері медицина қызметкерлерінің процедура алдында өзара талқылаған дозасымен сәйкес келмейді. Отбасы құжаттардың дұрыс рәсімделгенін де тексеруді сұраған.
Алматы қаласының Денсаулық сақтау басқармасы отбасыға көңіл айтып, тексеру қорытындысы бойынша қосымша ақпарат берілетінін мәлімдеді.
Қазір оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр. Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, қажетті сараптамалар тағайындалған.
«Олардың нәтижесі бойынша қылмыстық іс аясында процестік шешім қабылданады», – деді ол.