Бұған дейін Ұлағатты буындырып өлтірді деген сыныптасының ата-анасына айыппұл салынғаны, ал бала 12 жасқа толмауына байланысты қылмыстық жауаптан босатылып, іс қысқарғаны айтылған еді.
Түркістан облысы полиция департаментінің мәліметінше, Қазығұрт ауданы Жұмысшы ауылында 6-сынып оқушысы Ұлағат Сейдулланың қайтыс болуына байланысты Қылмыстық кодекстің 141-бабымен, яғни «Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау» бабымен қылмыстық іс қозғалған.
«Тергеу аясында куәлардан, оқытушылардан жауап алынды. Жәбірленушілердің барлық дәлелдері мен алынған бейнежазбалар зерттелді, бірқатар қажетті сараптамалар тағайындалды. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес жәбірленушінің өлімі тыныс алу жолдарының жабылып, тілдің көмейге түсуінен туындаған асфиксия салдарынан болған», – делінген хабарламада.
Ұлағат медициналық мекемеге барар жолда қайтыс болған. Оқушының денесінен зорлық-зомбылық, ұрып-соғу, тұншығу белгілері табылмаған. Оқиғаға байланысты әкімдік мектеп директоры мен бес педагогты жұмыстан шығарған.
«Тергеу нәтижесі бойынша өлімнің қылмыстық сипаты анықталмады және қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды. Тоқтату туралы бекітілген қаулыны прокурор тексеріп, қабылданған шешімнің заңдылығын қарап шықты», – дейді полиция.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлаған Сейдолланың анасы ұлы биыл 7 ақпан күні мектепте қайтыс болғанын мәлімдеген. Айтуынша, ойын баласы сыныптасының телефонын тартып алып қашқанда оны артынан келіп буындырған, салдарынан ол ауа жетпей тұншығып қайтыс болған. Ол бұған мектеп мұғалімдерін кінәлап, оқушыларға дұрыс қарамады деп шағымданған еді. Ол Ұлағатты буындырып өлтірді деген сыныптасының ата-анасына айыппұл салынғанын, ал бала 12 жасқа толмауына байланысты қылмыстық жауаптан босатылып, іс қысқарғанын айтқан.
Тергеу орындары қозғалып, кейіннен жабылған іс құжаттарын таратуға не жариялауға тыйым салып, оған бағынбаған жаңдайда қылмыстық жауапқа тартылатынын ескерткенін жеткізген. Қаралы ана жұмыстан шығарылған мұғалімдердің қайта мектепке жұмысқа келіп жатқанына қарсы болған. Ол ұлы, сүткенжесінің өліміне кінәлілер жазалануын талап еткен болатын.