21 қазанда Атырау қаласындағы №14 мектепте алтыншы сынып оқушылары арасында жанжал болған. Алдын ала мәлімет бойынша, оқушылардың бірі өзіне тиісіп жүрген сыныптастарымен есеп айырысатынын айтып, мектепке пышақ алып келген, деп хабарлайды buginmedia.kz.
«Ақ Жайық» басылымының хабарлауынша, оқушы сыныптастары тарапынан буллингке ұшыраған болуы мүмкін. Бір сәтте ол қарсылық көрсетуді ұйғарып, мектепке пышақпен келген. Бала қаруды басқа оқушыларға көрсетіп, өзін ренжіткендерден кек алмақ болғанын аңғартқан.
Бұл туралы оқушылар мұғалімге хабарлаған. Педагог полиция мен жанжалға қатысқан балалардың ата-аналарын шақырған. Алдын ала ақпарат бойынша, оқушылармен және олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгіме жүргізілген.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі алтыншы сынып оқушылары арасында жанжал болғанын және балалардың бірінде пышақ болғанын растады. Алайда оқиға кезінде пышақ қолданылып, біреуді жарақаттады деген қауесетті жоққа шығарды.
Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулеттің айтуынша, жағдайдың алдын алуға мүмкіндік туған. Оқиға салдарынан ешкім пышақ жарақатын алмаған.