Сыртқы істер министрлігінің өкілі 29 желтоқсанда Оңтүстік Кореяда апатқа ұшыраған Boeing 737 ұшағында қазақстандықтар болмағанын айтты.
"Оңтүстік Корея билігі жариялаған алдын ала мәлімет бойынша, ұшақ бортында Қазақстан азаматтары болмаған", – деді сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Бүгін таңертең Оңтүстік Кореяның Муан халықаралық әуежайына қонған кезде бортында 181 адамы бар Jeju Air жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, кем дегенде 47 адам қаза тауып, көптеген адам жарақат алды. Зардап шеккендердің нақты санын анықтау жалғасуда.
Апат таңғы сағат 9:07-де болды, ұшақ ұшу-қону жолағынан сырғып шығып, қоршауға соқтығысты, кейін өрт пайда болды.
Билік ұшақтың артынан табылғандардың барлығының қаза болғанын растап, олардың саны артуы мүмкін екенін ескертті.
Йонхап ақпарат агенттігінің хабарлауынша, қазірге дейін 3 адам құтқарылған. Жолаушылардың көпшілігі Оңтүстік Корея азаматтары, сондай-ақ екі Таиланд азаматы болған.
Төтенше жағдайлар қызметі апат орнында іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуде. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, апаттың себебі әлі белгісіз.
Президенттің міндетін атқарушы Чой Санг-мок барлық тиісті мекемелерге құтқару жұмыстарына назар аударуды және төтенше жағдайлар қызметінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды.
Тергеушілер қайғылы оқиғаға не себеп болғанын анықтау үшін оқиға орнында жүр.
Кейінірек ұшақ апатынан 181 адамның 179-ы мерт болғаны хабарланды.
Алдын ала мәліметтер бойынша, екі адамды ғана аман алып қалу мүмкін болған. Олардың біреуі жолаушы, екіншісі экипаж мүшесі.