Башар Асад елден қашқаннан кейін алғашқы мәлімдемесін жасады. Ол Дамаскіде көтерілісшілер астанаға кірген 8 желтоқсан күні таңертеңге дейін болғанын және сол күні кешке армия «соңғы позицияларын жоғалтқанда» және «барлық мемлекеттік мекемелер сал болып қалған кезде» елден кеткенін айтты.
Бұл мәлімдеме бұрынғы президенттің Telegram-каналында жарияланды. Онда оның Дамаскіден ресейлік Хмеймим авиабазасы орналасқан Сирияның Латакия провинциясына барғаны айтылады. Сонымен бірге оның астанадан кетуі «ресейлік одақтастармен келісе отырып және әскери әрекеттерді одан әрі бақылау мақсатында» жүзеге асырылды.
Бұрынғы президент «Сириядағы оқиғалар кезінде отставкаға кету және елден қашу мүмкіндігін бір рет те ойламағанын» айтады. Ал оның Хмеймим базасынан эвакуациялануына армияның құлағаны және базаның өзіне ұшқышсыз ұшақтармен шабуыл жасай бастағаны себеп болған көрінеді.
Асад мәлімдемені жариялауды қауіпсіздік мақсатында кейінге қалдырғанын жазды және оқиға туралы егжей-тегжейлі баяндауға уәде берді.