Оқиға Шымкентте болған. Бұл туралы №2 қалалық аурухананың бас дәрігері Бақытжан Позилов айтып берді.
"53 жастағы әйел қан қысымын төмендету үшін интернеттегі кеңестерді қарап, алма сірке суы мен куркуманы араластырып ішкен. Соның салдарынан ол анафилактикалық шокқа түсіп, ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Диагнозы: Лайелл синдромы - аллергиялық буллезді дерматиттің ең ауыр түрі", - деді дәрігер.
Дәрігердің айтуынша, науқас 2 күн бойы өте ауыр жағдайда жатып, бүгін ғана есін жиған.
"Құрметті достар, халықтық емдеу әдістері кейде тиімсіз болып, денсаулығыңызға үлкен зиян келтіруі мүмкін. Сақ болыңыздар, бұл науқас аман қалды...", - деп жазды Позилов.