Салтанат тілшілерге берген сұхбатында ешқандай митингке халықты шақырмағанын, сот шешімімен келіспейтінін айтты.
«Қайтыс болған бауырымызға құран оқыттық. Сосын тыныш үйде отырғанбыз. Қатты шу шығып, бірдеңе болып жатыр деп айтты. Ағамның жағдайын көру үшін үйден жалаңаяқ шығып кеттім. Өздеріңіз екі бауырым қаза болғанын білесіздер. Ағама алаңдап, жүгірдім, не болып жатқанын көргім келді. Ағам «ГАЗель» үстінде тұр екен, қолында пышақ бар. Мен де оған мініп, ағамды тыныштандырмақ болдым. Өзіне зиян тигізіп алмасын деп көмектесіп, жанында тұрдым. Кейін арнайы жасақ келіп, бәрімізді алып кетті. Есік қаласына бардық, сол жақта онлайн сот өтті», - дейді Салтанат Нұрымова.
Ол сот «ұсақ бұзақылық» айыбы бойынша 20 АЕК (73 840 теңге) айыппұл салғанын айтты.
«Сосын мені босатты. Бірақ шу не үшін туындап кеткенін әлі түсінбедім. Біз 10 желтоқсанда ешқандай митинг өткіземіз деп жоспарламадық. Бәрі тосыннан болды. Барлығы қалай болғанын ағамыз бостандыққа шыққанда білеміз. Мен ағам үшін бардым. Сот шешімімен келіспеймін. . Онсыз да екі бауырымнан айырылып отырмыз, ағамыз да қасымызда жоқ, қиналып отырмыз», - дейді Қаржаубай Нұрымовтың қарындасы.