Мәзір

«Өзіне қол салды деп істі жауып тастаған»: Ақтөбеде қаза тапқан студенттің анасы тың дерек айтты

«Өзіне қол салды деп істі жауып тастаған»: Ақтөбеде қаза тапқан студенттің анасы тың дерек айтты «Өзіне қол салды деп істі жауып тастаған»: Ақтөбеде қаза тапқан студенттің анасы тың дерек айтты
Фото: time.kz

Ақтөбеде колледж жатақханасының төртінші қабатынан құлап, 42 күннен кейін ауруханада көз жұмған 16 жастағы Нұрбақыт Бақыттың анасы ұлының өліміне қатысты тергеу барысын айтып берді. Оның сөзінше, полиция бастапқыда істі жауып тастаған. Ал қылмыстық іс жасөспірім қайтыс болғаннан кейін ғана қайта қаралған, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Қайғылы оқиға биыл сәуір айының соңында Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінің жатақханасында болған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, төртінші курс студенті, 21 жастағы Мәди Сүгербай түнде 16 жастағы Нұрбақытты дүкенге тамақ алуға жұмсаған. Алайда жатақхананың есіктері жабық болғандықтан, оны терезе арқылы түсіруге шешім қабылдаған.

Іс материалдарында көрсетілгендей, жоғары курс студенті үш баланың ішінен Нұрбақытты таңдап, бес көрпеден арқан жасап, төмен түсірмек болған. Бірақ жасөспірім үшінші және төртінші қабаттың арасында құлап кеткен.

Ұлының жағдайын естіген анасы Қызылордадан Ақтөбеге жеткенде, Нұрбақыт жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатқан.

Күлайым Колованың айтуынша, ол оқиғаның мән-жайын білу үшін бірден жатақханаға барып, мұғалімдермен сөйлескен. Алайда айналасындағылардың бәрі баланың өздігінен құлағанын айтқан.

«Баламның жағдайын көрдім. Комада жатыр. Жылап, не болғанын білу үшін сол күні бірден жатақханаға, мұғалімдеріне бардым. Бәрі "өзі құлап кетті, тамақ іздеп шықты" деп келісіп алған. Қасындағы балалар да полицияға солай айтқан. Сосын балам өзіне қол салды деп істі бірден жауып тастапты», – дейді анасы.

Нұрбақыт дәрігерлердің көмегіне қарамастан, 42 күннен кейін көз жұмған. Анасының сөзінше, ұлы қайтыс болған соң ғана қылмыстық іс тіркеліп, күдікті анықталған.

Қазір бұл істі Ақтөбе қалалық соты қарап жатыр. Мәди Сүгербайға «қауіпті жағдайда қалдыру» және «абайсызда қазаға ұшырату» баптары бойынша айып тағылған. Алайда ол сотта өз кінәсін мойындамаған.

Марқұмның анасы айыпталушының заң алдында жауап бергенін талап етеді.

«Мен де анамын ғой. Оның да анасы бар. Егер балам тірі қалғанда, тіпті мүгедек болып қалса да, кешірер едім. Бірақ менің балам жердің астында жатыр. Мен бұған қарап отыра алмаймын», – дейді Күлайым Колова.

Оның айтуынша, тергеуші айыпталушыға екі жылдан алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін екенін айтқан.

«Маған сол алты жылды берсе екен деймін. Екі жыл деген не? Рақымшылықпен де шығып кетуі мүмкін. Ең құрығанда баламның аруағы, менің жүрегім тынышталса деймін. Жазасын алсын. Мен баратын жердің бәріне барамын», – деді ол.

Қазіргі уақытта іс ашық сот отырысында қаралып жатыр. Келесі сот отырысы 9 қарашаға белгіленген.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2