Мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ұлы мен ағасына қатысты қозғалған қылмыстық істер әлі аяқталған жоқ. Қазір екі іске де қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды buginmedia.kz.
«Курсив» басылымы мәліметінше, Нұржан Нұрлановқа қатысты істі Алматы қаласының Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қарап жатыр.
Кәсіпкер Қанат Әміркин оны «Алатаудорстрой» компаниясын заңсыз иемденуге қатысы бар деп айыптаған. Осы арыз негізінде қозғалған қылмыстық істің саралануы кейін өзгертіліп, «рейдерлік» бабы бойынша қайта қаралған.
Тергеу 2025 жылдың қыркүйегінде Түркияға жіберілген халықаралық құқықтық көмек туралы сұрауға байланысты уақытша тоқтатылған. Кейін іс қайта жанданған.
Ал Нұрлан Нығматулиннің ағасы Арғын Нығматулинге Қарағанды облысында хоккейді дамытуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыруға қатысты күдік келтірілген. Ол Қарағандының «Сарыарқа» хоккей клубын басқарған кезеңдегі қаржы операциялары тексеріліп жатыр.
2024 жылы Арғын Нығматулинге халықаралық іздеу жарияланған. Қазіргі уақытта ол іздеуде жүр. Қылмыстық іс аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу дерегі бойынша тергеліп жатыр.
Бас прокуратура аталған істер бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатқанын хабарлады.