Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх жемқорлыққа қатысты айыптаулардан кейін қызметінен кетті. Ол өзіне тағылған кінәні мойындамайтынын айтып, тергеумен ынтымақтасуға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Президент 17 қарашада отставкаға кететінін жариялаған. Оның айтуынша, бұл шешім шындықтың анықталып, өзінің абыройын қалпына келтіруі үшін қабылданған.
«Мен халқымнан да, мемлекетімнен де ешқашан ұрлаған емеспін. Өтірік айтқан жоқпын, ешкімді алдаған емеспін. Президенттік өкілеттігімді тапсырып, қарапайым азамат ретінде тергеуге қатысамын», – деді Хүрэлсүх.
Оған қатысты айыптаулар 2019 жылы өзі премьер-министр қызметін атқарған кезде жасалған теміржол жобасына байланысты туындаған. Бұрынғы Ұлан-Батор мэрі Нямбаатар Хишгээ президентті осы жоба бойынша 25 млн доллар пара алды деп айыптаған. Оның сөзінше, келісімшарт Bodi International компаниясына ашық конкурссыз берілген.
Алайда Хүрэлсүх бұл айыптауларды жоққа шығарды. Ал аталған компания да пара берді деген мәлімдемені теріске шығарған.
Парламент отставканы мақұлдады
19 қарашада Моңғолияның Мемлекеттік Ұлы Хуралы президенттің отставкасын мақұлдады. Дауыс беруге қатысқан 104 депутаттың 96-сы оның қызметтен кетуін қолдаған.
Бұл – 1992 жылы қабылданған Конституциядан кейін Моңғолия президентінің өкілеттік мерзімі аяқталмай тұрып қызметінен кеткен алғашқы жағдай.
Ел заңнамасына сәйкес, президенттің өкілеттігі тоқтатылғаннан кейін төрт ай ішінде кезектен тыс президент сайлауы өтуі керек. Жаңа президент сайланғанға дейін парламент төрағасы Сандагийн Бямбацогт мемлекет басшысының міндетін атқарады.
Хүрэлсүх 2021 жылғы маусымда президент болып сайланған. Оның өкілеттік мерзімі 2027 жылы аяқталуы тиіс еді.