Астанада тұрғындарға қысқы соғымды делдалсыз, өндірушілерден сатып алуға мүмкіндік беретін «Соғым Fest» жәрмеңкесі өтіп жатыр. Мұнда сиыр етінің келісі 3 300 теңгеден, жылқы еті 3 500 теңгеден, қой еті 3 700 теңгеден басталады. Бұл туралы елорда әкімдігі мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Жәрмеңке қараша айынан желтоқсанның соңына дейін әр демалыс күндері төрт сауда алаңында ұйымдастырылады.
Сауда орындарының мекенжайлары:
Keruen Joly – Алаш тасжолы, 35Б;
«Ет Әлемі» – Алаш тасжолы, 31/1;
«Jurt» – Бейбарыс Сұлтан көшесі, 3;
«ERA» базары – Қорғалжын тасжолы, 96.
Жәрмеңкеге отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысады. Тұрғындар ет өнімдерін делдалсыз, тікелей өндірушілерден сатып ала алады.
Астанада азық-түлік бағасын қалай тұрақтандырып жатыр?
Қала әкімдігінің мәліметінше, 2026 жылғы қарашада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 101,2 пайызды құраған.
Бағаны тұрақтандыру үшін отандық өндірушілермен тікелей жеткізу туралы келісімдер жасалып, ауыл шаруашылығы өнімдерін алдын ала сатып алу тетігі қолданылып жатыр. Осы мақсатта 18 мың тоннадан астам азық-түлік өніміне келісімшарт жасалған. Өнімдер елордадағы 190-нан астам сауда нүктесінде сатылады.
Биыл Астанада 300-ге жуық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Жыл соңына дейін олардың санын 350-ге жеткізу жоспарланып отыр.
Сауда үстемесін 15 пайыздан асырғандарға айыппұл салынады
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қойылатын сауда үстемесі 15 пайыздан аспауға тиіс. Бұл талапты бұзған кәсіпкерлерге айыппұл қарастырылған.
Айыппұл мөлшері бизнес көлеміне қарай жеке тұлғалар мен шағын бизнес үшін 5 АЕК, орта бизнеске 35 АЕК, ірі бизнеске 150 АЕК болып белгіленген. Заңбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі артады.
Қалада жыл басынан бері бағаның негізсіз өсуіне қатысты 150-ден астам құқық бұзушылық анықталған.