Министрдің айтуынша, ет бағасы өскені рас, алайда өсім айтарлықтай жоғары емес.
– Бүгінде ең бастысы – сауда орындарында ет жеткілікті. Өткен демалыс күндері нарықтағы бағаны бақыладық. Сүйекті сиыр етінің келісі шамамен 3700 теңгеден сатылып жатыр. Сауда желілерінде баға сәл жоғары, – деді Арман Шаққалиев.
Ол ет бағасының қымбаттауына әлемдік нарықтағы өзгерістер әсер етіп отырғанын айтты. Министрдің сөзінше, әлемде етке сұраныс артып келеді, ал Парсы шығанағындағы жағдай қой еті бағасының өзгеруіне ықпал еткен.
Журналистер әлемдік үрдістердің Қазақстандағы ішкі нарыққа қалай әсер ететінін сұрағанда, министр елдің жаһандық нарықтың бір бөлігі екенін атап өтті.
– Қытайда ет тұтыну айтарлықтай артты, Африкада да сұраныс өсіп келеді. Жалпы әлемде тұтыну көлемі өзгеруде. Біз жаһандық процестердің ажырамас бөлігіміз. Сондықтан әлемдік баға өзгерсе, оның әсері бізге де тиеді. Мысалы, Өзбекстанда сұраныс жоғары болғандықтан, отандық өндірушілер өнімін сол нарыққа экспорттауға мүдделі. Біз баға тұтынушыға да, өндірушіге де әділ болуы қажет деп есептейміз, – деді министр.
Арман Шаққалиевтің айтуынша, Сауда және интеграция министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, ет бағасын тұрақтандыру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл үшін экспортқа квота енгізу және өнім өндіруге қатысы жоқ делдалдардың санын қысқарту секілді тетіктер қарастырылған.
Айта кетейік, соңғы уақытта елдегі ет бағасының өсуі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Нарықтағы ахуалды тұрақтандыру жұмысына Ұлттық экономика министрлігі де тартылған.