Жетісу облысында бірден төрт сәбиді дүниеге әкелген отбасыға үш бөлмелі жаңа пәтердің кілті табысталды. Баспанa аудан орталығынан берілген. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Мәрлен Көлбаев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Оның айтуынша, анасы мен нәрестелерді ауыл тұрғындары болып салтанатты түрде қарсы алған. Отбасыға баспанадан бөлек, түрлі сыйлықтар тарту етілген.
«Облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы барып, ауыл тұрғындарымен бірге сәбилерді анасымен қарсы алдық. Дәстүр бойынша шашу шашылып, балаларға арба мен конверт-көрпешелер, ата-анасына түрлі түсті теледидар табысталды. Сонымен қатар аудан орталығындағы жаңа үш бөлмелі пәтердің кілтін бердік», – деп жазды Мәрлен Көлбаев.
Бұдан бөлек, төрт сәбиге арнайы манеж-төсектер сатып алынған. Балалардың денсаулығын бақылау үшін бір дәрігер мен бір медбике бекітілді. Сондай-ақ отбасыға нәрестелерді күтуге көмектесетін қосымша көмекші бөлінеді.
Еске салайық, биыл қыркүйекте Жетісу облысының 31 жастағы тұрғыны төртем босанған болатын. Сәбилер кесарь тілігі арқылы дүниеге келді. Ата-анасы ұлдарына Арлан, Арсылан, Әлихан және Әмірхан деген есім берген.