Мәзір

Ақтөбеде студентті төртінші қабаттың терезесінен дүкенге жұмсаған: жасөспірім қаза тапты

Ақтөбеде студентті төртінші қабаттың терезесінен дүкенге жұмсаған: жасөспірім қаза тапты Ақтөбеде студентті төртінші қабаттың терезесінен дүкенге жұмсаған: жасөспірім қаза тапты
"Время" басылымы

Ақтөбеде колледж жатақханасында болған қайғылы оқиғаға байланысты сот процесі жүріп жатыр. 16 жастағы Нұрбақыт Бақыт төртінші қабаттың терезесінен көрпелерді байлап түсірмек болған кезде құлап, 42 күннен кейін ауруханада қайтыс болған. Бұл туралы "Время" басылымы жазды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Оқиға 29 сәуірге қараған түні Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінің жатақханасында болған.

Басылымның мәліметінше, сол түні жатақханадағы бөлмелердің бірінде 16 жастағы үш студент смартфонмен ойын ойнап отырған. Осы кезде олардың бөлмесіне колледждің төртінші курсында оқитын 21 жастағы Мади Сүгербай келген. Әскерде борышын өтеп келген студент алдымен темекі сұраған. Жасөспірімдерде темекі болмаған соң, олардың бірін басқа бөлмелерден іздеп келуге жіберген. Алайда ол ештеңе таппай оралған.

Кейін Мади тамақ жегісі келетінін айтып, студенттердің бірін дүкенге жібермек болған. Бірақ жатақханада ұйықтау уақыты басталып, барлық есік, соның ішінде негізгі кіреберіс те құлыпталып қойған еді.

Сот материалдарына сәйкес, осыдан кейін ол 16 жастағы Нұрбақытты төртінші қабаттың терезесінен түсіріп, дүкенге жіберуді ұйғарған. Жасөспірім бастапқыда бас тартқанымен, кейін оған 2 мың теңге мен азық-түлік салатын қара сөмке берген.

Жоғарыдан түсіру үшін студенттер бес көрпені бір-біріне байлаған. Мадидің нұсқауымен жасөспірімдердің бірі есікті күзетіп, екіншісі Нұрбақытқа көмектескен.

Бір кезде Нұрбақыттың қорқып тұрғанын байқаған курстасы оған дүкенге бармауды ұсынып, қайтадан бөлмеге кіргізген. Алайда Мади келіп, оны қайтадан сыртқа шығуға мәжбүрлегені айыптау материалдарында көрсетілген.

Осы сәтте Нұрбақыт төртінші қабаттан төмен түсіп бара жатып, үшінші және төртінші қабаттың арасынан құлап кеткен. Оны ұстап тұрған көрпелер бөлмедегі адамның қолында қалған.

Жасөспірімдер тәрбиешіні көмекке шақырған. Полиция мен жедел жәрдем қызметкерлері де оқиға орнына жеткен. Дәрігерлер Нұрбақыттың өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, ол алған ауыр жарақаттарынан 42 күн өткен соң ауруханада көз жұмған.

Басылымның жазуынша, Мади Сүгербайға екі бап бойынша айып тағылған. Атап айтқанда, қауіпті жағдайда қалдыру және абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру. Алайда сотталушы өзіне тағылған айыптарды мойындамай отыр.

Жатақханада студенттерді қорқытып, ұрып-соғу болған

Сот барысында колледж жатақханасындағы жоғарғы курс студенттерінің төменгі курс студенттеріне қысым көрсеткені де белгілі болған.

Кәмелетке толмаған студенттердің айтуынша, кейбірін аяқкиім сөресінен алынған темір құбырмен ұрған, енді біріне суық қарумен соққы жасаған. Сондай-ақ жұдырықпен ұрып, шапалақпен тартып жіберу жағдайлары болған.

Алайда жасөспірімдер бұл туралы ешкімге шағымданбаған.

«Әйтпесе бізді қорқақ, сатқын деп атайтын еді», – деген олар сотта.

Сондай-ақ сотта Мади Сүгербайдың бұған дейін де басқа студенттерді ұрғаны үшін жатақханадан шығарылғаны айтылған. Бірақ біраз уақыттан кейін ол қайта оралып, сол жерде тұра бастаған.

Осы оқиғадан кейін колледж жатақханасында студенттерді бөлек орналастыру туралы шешім қабылданған. Бірінші курс студенттері екінші қабатқа, жоғары курс студенттері үшінші қабатқа көшірілген. Кіреберістері де бөлек жасалған.

Марқұмның анасы колледж басшылығын да жауапқа тартуды сұрайды

Нұрбақыттың анасы Күлайым Қолова ұлының өліміне байланысты жатақхана мен колледж басшылығының да жауапкершілігін қарастыруды талап етіп отыр.

Оның айтуынша, баласы өмір үшін күресіп жатқан кезде тәрбиешілердің бірі оқиғаға қатысты сұраққа «Егер бізді соттаса, соттай берсін, біз ұйықтап жатқанбыз» деп жауап берген.

«Мен баламды соларға сеніп тапсырдым. Ал онда студенттердің қауіпсіздігіне кепілдік жоқ, тәртіп жоқ», – дейді марқұмның анасы.

Ол колледж директорын ұлы ауруханада жатқан кезде де, жерлеу рәсімінде де көрмегенін айтқан. Ал басқа педагогтер отбасыға көмектесіп, Нұрбақытты соңғы сапарға шығарып салуға қатысқан.

Қазір іс сотта қаралып жатыр.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2