«ҚазМұнайГаз» «Өзенмұнайгаз» басшыларының ұсталғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
ҚМГ не дейді?
«ҚазМұнайГаз» компаниясы «Өзенмұнайгаз» АҚ басқарма мүшелерінің ешқайсысы ұсталмағанын мәлімдеді.
«Өзенмұнайгаз» АҚ басқарма құрамындағы басшылардың ешқайсысы ұсталмаған. Толық ақпарат алу үшін құқық қорғау органдарына жүгінуді сұраймыз», – деп хабарлады компания.
Алайда ҚМГ жауабында «Өзенмұнайгаздың» өзге қызметкерлері мен Jana Oil Service басшылығы туралы ақпарат айтылмаған.
Не болды?
Бұған дейін ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев ҰҚК мен ІІМ қызметкерлері Жаңаөзенде операция жүргізіп, бұрын «Кезби» деп аталған Jana Oil Service компаниясы мен «Өзенмұнайгаз» басшыларын ұстағаны туралы хабарлаған еді.
Блогердің дереккөзіне сүйенсек, ұсталғандар жұмысшыларды наразылық акцияларына арандату арқылы «Өзенмұнайгаздан» қосымша қаражат алуды көздеген. ҰҚК мен полиция бұл ақпаратқа әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.