Журналист Назгүл мен Құндыз тұрған үйге барып, Құндыздың өзінен оны кім байлағанын сұраған. Құндыздың айтуынша, бұл әрекетті өзін қамқорлығына алған Зүлфия есімді әйел жасаған.
Руслан Өтепбай келген кезде Құндыздың қатты қорқып, жылап жібергені байқалады. Оқиға орнында журналист полиция қызметкеріне жағдайдың аса ауыр екенін айтып, күмәнді жайттарға назар аудартқан.
«Журналист ретінде мұнда қинау белгілерін көріп тұрмын. Қол-аяғы байланып, скотчпен оралған. Егер ауа жетпей, қайғылы жағдай орын алса, оған кім жауап береді?» — деді ол.
Ал қыздардың қорғаушысы ретінде аталған Зүлфия Төленова бұл айыптаулармен келіспейтінін білдірді.
«Оның мінезін білмейсің, Руслан. Осылар келгеннен бері миыма да, өзіме де тыныштық жоқ», — деді Зүлфия Төленова.
Құндыз байлаулы күйде ұзақ уақыт жатқанын, соның салдарынан денесі қатты ауырғанын айтқан. Журналист өз жазбасында бұл дерекке құқықтық баға беріліп, қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Егер Зүлфия Төленова Құндызды байламаған болса, ол жала жаппас еді. Мен жеке өзім Құндыздың сөзіне сенемін. Аталған факті бойынша Зүлфия Төленоваға қатысты қылмыстық іс қозғалды», — деп жазды Руслан Өтепбай.
Оқиға әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып, көпшілік түрлі пікір білдірді. Желідегі жазбаларда «Бұл әйел шындықты айтып тұрған жоқ», «Екі қызды алып кету керек, обал болды», «Қатты қорқып қалғаны көрініп тұр», «Бейшара қыз әбден тозып кеткен» деген сынды пікірлер жиі кездеседі.
Кейін Руслан Өтепбай шындықтың беті ашылғанын айтып, тағы жазба жариялады.
Айтуынша, қиналып жүрген тек Құндыз бен Назгүл ғана емес екен.
"Желтоқсан айының 29-ы күні Зүлфия Төленованың үстінен ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Арызданушылар -асыранды балалары. Балалардың айтуынша, Зүлфия Төленова ішімдік ішіп алып, олардың мазасын алып, бірнеше рет қол көтерген. Аталған дерек бойынша қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Егер кінәсі дәлелденсе, заң аясында жауапқа тартылады. Бұл істі @zhambyl_police Жамбыл облысының полиция департаменті соңына дейін жеткізеді деп сенім білдіреміз", - деп жазды ол.