Ресейлік рэпер Наваи Бакировқа қатысты Жамбыл облысында қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Әнші Қазақстаннан шығарылған. Бұл туралы Жамбыл облысының полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Полицияның хабарлауынша, шешім қабылдау кезінде рэпердің мұндай құқықбұзушылықты алғаш рет жасағаны және өз әрекетіне өкінгені ескерілген. Қылмыстық істі тоқтату туралы шешімді қадағалаушы орган бекіткен. Іс ақтамайтын негіздер бойынша тоқтатылған.
Рэпер қалай ұсталды?
13 қазанда Navai Қырғызстаннан Қазақстанға кіріп келе жатқанда Жамбыл облысындағы «Қордай» өткізу бекетінде ұсталған. Оның көлігін тексеру барысында 2,5 грамм марихуана табылған.
Осыдан кейін оған қатысты есірткі контрабандасына оқталу және есірткіні заңсыз сақтау белгілері бойынша тергеу басталған. Кейін сот рэперді екі айға қамауға алу туралы шешім шығарған.
Navai Қазақстанға келер алдында Бішкекте концерт берген. Ал 14 қазанда Астанада өнер көрсетуі жоспарланған еді. Алайда ұйымдастырушылар концерттің басталуына төрт сағат қалғанда іс-шараның техникалық себептерге байланысты өтпейтінін хабарлады. Көрермендерге билеттердің ақшасын қайтару ұсынылды.