Ұлттық қауіпсіздік комитеті заңсыз көші-қонға қарсы күрес аясында елде заң талаптарын бұза отырып жүрген Қытайдың 13 азаматын анықтап, ұстады., деп хабарлайды buginmedia.kz.
Тексеру барысында шетелдіктердің Қазақстан аумағында халықаралық интернет-алаяқтық схемасын жасырын ұйымдастырғаны анықталды.
Ұсталғандардан көптеген компьютерлік техника, ұялы телефондар, Starlink спутниктік интернет жабдықтары, сондай-ақ криптоәмияндарда сақталған ірі көлемдегі қаражат табылған.
ҰҚК мәліметінше, топтың әрекеті Қазақстан азаматтарына емес, басқа елдердің азаматтарына қарсы бағытталған. Алаяқтық әрекеттер шетелден үйлестіріліп отырған.
Осыған байланысты тексеру Қытай Халық Республикасының Қоғамдық қауіпсіздік министрлігіндегі әріптестермен бірлесіп жүргізілген. Нәтижесінде ұсталғандардың кейбірі өз елінде осыған ұқсас әрекеттері үшін іздеуде жүргені анықталған.
2026 жылғы 16 қазанда Қытай азаматтары әкімшілік тәртіппен Қазақстан аумағынан шығарылып, одан әрі тергеп-тексеру жүргізу үшін ҚХР-дың уәкілетті органдарына тапсырылды.