Алматыда TikTok желісінде тікелей эфир жүргізіп отырып, балағат сөз айтқан, алкоголь ішіп, темекі шеккен екі әйел жауапқа тартылды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Полиция мәліметінше, құқық бұзған әйелдердің жеке басы эфир барысында анықталған. Олардың бірі 20 АЕК мөлшерінде айыппұл төлесе, екіншісі 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынған.
Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде тікелей эфирді байқап, тиісті шара қабылдаған. Полицияның хабарлауынша, әйелдердің бірі алкогольдік масаң күйде болған.
«Екеуі де жедел ұсталды. Тікелей эфир аяқталды. Ал заң алдындағы жауапкершілік аяқталған жоқ», – деп мәлімдеді полиция.