Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан Азамат Мәдиханның отбасы оны әскерден үйге қайтқан кезде қарсы алуға дайындалып жүрген. Олар 3 қазанға арнайы мерекелік шара жоспарлаған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Әлеуметтік желіде Азаматтың ата-анасы ұйымдастырмақ болған шараның шақыртуы жарияланды. Оны ата-анасы, ата-әжесі және жақын туыстары асыға күткен. Азаматтың әскери қызметін аяқтап, үйіне оралуына небәрі жеті-сегіз күн қалған.
Азаматтың отбасы оны қуанышпен қарсы алуға дайындалып жатқан кезде қайғылы жағдай болды.
Айта кетейік, Каспий теңізінде жоғалған соңғы екі әскери қызметшінің де мәйіті табылды. Қорғаныс министрлігі қаза тапқан әскери қызметшілер саны 14 адамға жеткенін растады.
Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде болған.
Қазір оқиғаға қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатыр.