Қазақстан Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары Данияр Хайрушевтің ата-анасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Олар Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айтып, өздерінің де ауыр қайғыны бастан өткеріп отырғанын жеткізді.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Біз – Данияр Хайрушевтің ата-анасымыз. Ең алдымен, оқу-жаттығу кезінде қаза болған әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамыз. Біз олардың қайғысын жақсы түсінеміз, себебі өзіміз де осындай ауыр қасіретті бастан өткердік, екі ұлымыздан айырылдық», – делінген үндеуде.
Ата-анасының айтуынша, Данияр Хайрушев бала кезінен адал, ар-намысты әрі жауапкершілігі мол азамат болып өскен.
«Ешқашан пайдакүнемдікке ұмтылған емес, біреудің дүниесіне қол сұққан емес. Біз ұлымыздың бұл жағдайға қасақана жол бергеніне сенбейміз», – дейді олар.
Олар Мемлекет басшысынан оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, объективті тергеу жүргізуді сұрады.
«Біз Сізге ата-ана ретінде жүгініп, тек әділдік пен объективті тергеу жүргізілуін сұраймыз. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, асығыс қорытынды жасалмаса екен дейміз», – деп жазды Данияр Хайрушевтің ата-анасы.
Сондай-ақ олар қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларының қайғысына ортақтасатынын айтты.
«Біз қаза болғандардың отбасыларының қайғысына ортақтасамыз және барлығы үшін әділдік болғанын қалаймыз. Қаза болған әскери қызметшілердің жандары жәннатта болсын», – деп аяқтады сөзін ата-анасы.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде ауа райының күрт нашарлауынан 17 әскери қызметші теңізге түсіп кеткен. Үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметші қаза тапты. Қазір оқиғаға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Каспийде қаза тапқандардың арасында Қазақстан чемпионатының 20 жастағы жүлдегері болған.
Данияр Жұмағалиұлы Хайрушев — Қазақстан Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштерінің жоғары лауазымды офицері, Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары әрі штаб бастығы болған. 2026 жылғы мамырда осы қызметке тағайындалған.