24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 жас әскери қызметші қаза тапты. Қайғылы оқиғадан кейін бірнеше күн ішінде жергілікті БАҚ пен әлеуметтік желілерде қаза тапқан сарбаздар туралы естеліктер жариялана бастады. Олардың өмірі мен отбасылары туралы белгілі мәліметтерді назарларыңызға ұсынамыз.
Сержан Аяпберген
Сержан Аяпберген 20 жаста болған. Ол Ақтаудағы «Жас батыр» спорт мектебінде самбо және дзюдомен айналысқан.
Сержан облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысқан. Самбодан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері, ТМД елдері ойындарының студенттер арасындағы самбо жарысының күміс жүлдегері атанған. Сондай-ақ дзюдодан халықаралық және республикалық турнирлерде жеңіске жетіп, спорт шеберлігіне үміткер атағын алған.
Сержанның жаттықтырушысы Жомарт Қобланов Ulysmedia басылымына берген сұхбатында жас жігіт әскерден кейін спортқа қайта оралуды жоспарлағанын айтқан. Қайғылы оқиғадан аз уақыт бұрын ол жаттықтырушысына спорт мектебіне жұмысқа орналасқысы келетінін жеткізген.
Әсет Жаңабай
Әсет Жаңабай 20 жаста болған. Ол Маңғыстау облысының Шетпе ауылында дүниеге келіп, сонда тұрған. 19 қыркүйекте туған күнін атап өткен. Қайғылы оқиға оның туған күнінен бес күн өткен соң болған.
Әсеттің әпкесі Sputnik Қазақстанға берген сұхбатында 20 қыркүйекте оған бір күнге үйіне баруға рұқсат берілгенін айтқан. Сол күні ол отбасылық жиынға қатысқан. Әскери бөлімге қайтар алдында анасымен жүздескісі келетінін жеткізген.
Әпкесінің айтуынша, Әсет көпшіл болған және адамдармен тез тіл табысқан.
Әскерден кейін ол үйленуді жоспарлаған. Бұл туралы оның сүйіктісі Threads желісінде жазған.
Әсеттің әскери қызметін аяқтауына аз уақыт қалған. Ол 3 қазанда үйіне оралуы керек болған.
Алмас Көбенов
Алмас Көбенов 20 жаста болған. Ол Қарақалпақстанда дүниеге келген, ал Маңғыстау облысындағы Баянды-3 ауылында тұрған.
Қайғылы оқиғадан кейін оның отбасы туралы мәлімет тарады. Ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев Алмастың үйіне барып, отбасының жағдайы туралы Instagram парақшасында жазба жариялаған.
Оның айтуынша, қаза тапқан сарбаздың анасы онкологиялық аурумен күресіп, ем қабылдап жүрген. Ұлы қайтыс болған күні ол кезекті ем-дом шарасынан өтуі керек болған. Алайда, қайғылы оқиғаға байланысты емін үйде жалғастыруға мәжбүр болған.
Азамат Мәдіхан
Азамат Мәдіхан 19 жаста болған. Ол Жаңаөзен қаласынан мерзімді әскери қызметке шақырылған.
Қайғылы оқиғадан кейін тоғыз күн өткен соң оның отбасы сарбазды қарсы алуы керек еді. Azattyq Rýhy басылымының жазуынша, отбасы әскери қызметін аяқтауына орай той өткізуді жоспарлаған. Қонақтарды алдын ала шақыра бастаған.
Алайда, қуанышты мерекенің орнына отбасы қаралы күнге дайындалуға мәжбүр болды.
Өмірбек Өмірзақ
Өмірбек Өмірзақ 19 жаста болған. Ол Батыс Қазақстан облысында дүниеге келіп, Бәйтерек ауданында тұрған.
25 қыркүйекте оның денесі Батыс Қазақстан облысынан қаза тапқан тағы екі әскери қызметшінің денесімен бірге Орал қаласына жеткізілген.
Өмірбектің әкесі берген «Мой город» басылымына берген сұхбатында ұлының отбасындағы тұңғыш бала болғанын айтқан. Жас жігіт құқық қорғау органдарында жұмыс істеуді армандаған.
Дастан Бегей
Дастан Бегей 19 жаста болған. Ол Жаңаөзен қаласынан әскерге шақырылған.
Дастан қаза тапқаннан кейін Threads желісінің kemellovvaaa_ есімді қолданушысы ол туралы жазба жариялаған. Оның айтуынша, жас жігіт отбасындағы үшінші бала болған. Ол ағалары және әпкесімен бірге өскен.
Мейрамбек Бердіханов
Мейрамбек Бердіханов 20 жаста болған. Ол да Жаңаөзен қаласынан әскерге шақырылған.
Оның сүйіктісі қайғылы жағдайға соңына дейін сенбегенін және WhatsApp арқылы оған хабарлама жібергенін жазған. Алайда хабарламалар жеткізілмеген.
Ulysmedia басылымында жарияланған материалда қыз Мейрамбекті сүйіктісі екенін айтып, қайғылы оқиғадан кейін оны сағынышпен еске алған.
Олжас Мұхтарұлы
Олжас Мұхтарұлы қаза тапқан сарбаздардың ішіндегі ең үлкені болған. Ол 23 жаста еді. Әскери шені – аға лейтенант, взвод командирі.
Threads желісіндегі zhaanum есімді қолданушы Олжас туралы жеке естелігін жариялаған. Оның айтуынша, олар 2021 жылы танысқан. Ол кезде Олжас екінші курста оқып жүрген. Кейін бес жыл шетелде білім алған.
Жазба авторы екеуінің әртүрлі қала мен елде тұрғанына қарамастан, үнемі байланыста болғанын айтқан. Биыл олар ақыры кездесуді жоспарлаған, алайда оған үлгермеген.
Сондай-ақ, ол Олжастың өзінен кіші әскери қызметшілерге қамқор болғанын және олардың жағдайына алаңдағанын жазған.
Жеңіс Темірғалиев
Жеңіс Темірғалиев 21 жаста болған. Ол Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданының Ақсай қаласында дүниеге келген.
Қаза тапқан сарбаздың мектеп мұғалімдері Inbusiness.kz басылымына берген мәліметінде Жеңістің тілдерді, әдебиетті, жаратылыстану ғылымдарын және тарихты қызығушылықпен оқығанын айтқан.
Ол спорттық іс-шаралар мен түрлі байқауларға да белсенді қатысқан. Әсіресе, бадминтон, футбол және баскетбол жарыстарында жүлделі орындарға ие болған.
Ақжайық Ғилаж
Ақжайық Ғилаж 20 жаста болған. Ол Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданының Қараоба ауылында дүниеге келген. Кейін Орал қаласында тұрған.
Сарбаз қаза тапқаннан кейін оның туған әпкесі – Threads желісіндегі _gi1azhovvva есімді қолданушы жазба жариялаған.
Ол адамдардан қаза тапқан әскери қызметшілердің жасанды интеллект көмегімен жасалған суреттері мен бейнежазбаларын өшіруді сұраған. Оның айтуынша, қайғылы оқиғадан кейін анасы телефонын өшіріп қойған. Телефонын қосқан кезде ұлының дауыстық хабарламаларын тыңдайды.
Сарбаздың әпкесі отбасының қайғысын әлеуметтік желіге контент жасау үшін пайдаланбауды өтініп, олардың көмекке мұқтаж емес екенін де айтқан.
Мансұр Ғұмаров
Мансұр Ғұмаров Батыс Қазақстан облысынан әскерге шақырылған 19 жастағы әскери қызметші болған.
Ол қаза тапқаннан кейін Threads желісінде xnrmmm есімді туысы жазба жариялаған. Автор Мансұрдың әлі жас болғанын, оның армандары, жоспарлары мен болашағы болғанын жазған.
Сондай-ақ, ол Мансұрдың ата-анасы, әжесі, әпкесі және інісі қалғанын айтқан.
Мансұр мәйіті табылмай, іздеу жұмыстары жалғасқан екі әскери қызметшінің бірі болған. Оның денесі 25 қыркүйек күні таңертең Мирас Тұрдыбекұлының денесімен бірге табылған.
Әзірге кімдер туралы мәлімет табылмады?
Ақылбек Төлеген, Олжас Диханбаев және Мирас Тұрдыбекұлы туралы ашық дереккөздерден әзірге негізінен ресми мәліметтерді ғана кездеседі. Олардың жасы, тұрған жері және әскери қызметі туралы ақпарат бар. Ал отбасы, білімі, жұмысы, қызығушылықтары немесе әскерден кейінгі жоспарлары туралы толық мәлімет жарияланбаған.
Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қауіпсіздігі тиісті деңгейде қамтамасыз етілмегенін айтқан еді.