Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қауіпсіздігі тиісті деңгейде қамтамасыз етілмегенін айтты, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Мемлекет басшысының сөзінше, оқу-жаттығуға қатысқан әскери қызметшілер қажетті жабдықтармен, соның ішінде арнайы құтқару кеудешелерімен қамтамасыз етілмеген.
Тоқаев Үкіметтік комиссия оқу-жаттығуды әзірлеу мен өткізуге, әскерді қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге және қауіпсіздік талаптарының сақталуына жауапты барлық лауазымды тұлғаның әрекетіне баға беруі тиіс екенін айтты.
Сонымен қатар Президенттің өкіміне сәйкес Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды кешенді тексеру басталды. Тексеру барысында әскери қызметті ұйымдастыру, әскерді жабдықтау, сондай-ақ оның материалдық және қаржылық тұрғыдан қамтамасыз етілуі жан-жақты зерделенеді.
Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева басқаратын комиссия жүйелі сипат алған заң бұзушылықтарды анықтап, кімдердің жауапқа тартылатынын айқындауы қажет.
Мемлекет басшысы әскери қызметшілер лауазымы мен шеніне қарамастан жауапқа тартылатынын және заң бойынша қатаң жазаланатынын ескертті. Аталған мәселе Президенттің жеке бақылауында.
– Бұл оқиға армияда олқылықтар өте көп екенін және кәсібилік жетіспейтінін анық көрсетті. Әскерді түбегейлі реформалауды іске асыратын уақыт келді. Бұл – кезек күттірмейтін мәселе. Мен осыған байланысты кадрлық шешімдер қабылдадым. Сіздерге Қазақстан Республикасының жаңа Қорғаныс министрі Мырзахметов Айдос Сәкенұлын таныстырғым келеді. Айдос Сәкенұлы күрделі кезеңде қызметке кірісіп жатыр. Жауапкершілік – өте жоғары, алдағы міндеттер – аса күрделі. Батыл шешімдер қабылдануға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Президент – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс ведомствосының басшылық құрамымен кеңес өткізді.
Каспийдегі қайғылы оқиға
24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан әскери қызметшілердің бір тобы теңізге батып кеткен.
Нақтылаған мәлімет бойынша, суға 17 адам түскен. Оның 12-сі қаза тапты, үшеуі құтқарылды, тағы екі әскери қызметшінің денесі келесі күні судан шығарылды.
Қайғылы оқиғадан кейін тергеу басталды. Іс ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу баптары бойынша тергеліп жатыр.
Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен үкіметтік комиссия құрылды.
Кейінірек Маңғыстауда қаза тапқан 12 әскери қызметшінің аты-жөні жарияланды.