Жер сілкінісі кезінде тұрғындардың қауіпсіздік ережелерін сақтауы маңызды. Мамандар жер дүмпуі кезінде не істеу керектігі туралы 10 қарапайым кеңесті ұсынады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Бірінші кеңес – үрейге берілмеңіз. Жер сілкінісі кезінде сабыр сақтап, жағдайды бағалаңыз.
Екінші кеңес – лифт пен баспалдақты пайдаланбаңыз. Дүмпу кезінде ғимарат ішінде қозғалуға тырыспаған жөн.
Үшінші кеңес – терезе мен жиһаздан алыс тұрыңыз. Құлап кетуі мүмкін заттардан қауіпсіз қашықтықта болыңыз.
Төртінші кеңес – қауіпсіз жерді паналаңыз. Жоғарғы қабаттарда негізгі тіреу қабырғаларының бұрышына немесе берік жиһаздың жанына жасырынуға болады.
Бесінші кеңес – ғимараттан дүмпу аяқталған соң шығыңыз. Әсіресе көпқабатты үйлерде жер сілкінісі кезінде сыртқа шығуға асықпаған жөн.
Алтыншы кеңес – су, газ және электр қуатын өшіріңіз. Егер жағдай мүмкіндік берсе, ғимараттан шығар алдында инженерлік желілерді ажыратыңыз.
Жетінші кеңес – дабыл сөмкесін алдын ала дайындаңыз. Оның ішінде алғашқы қажетті заттар болуы керек.
Сегізінші кеңес – электр желілері, ғимараттар мен ағаштардан аулақ болыңыз. Ғимараттан шыққаннан кейін ашық әрі қауіпсіз жерге барыңыз.
Тоғызыншы кеңес – қайталама дүмпулерге дайын болыңыз. Негізгі жер сілкінісінен кейін де дүмпулер болуы мүмкін.
Оныншы кеңес – балаларға, қарттарға және мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмектесіңіз. Қауіпсіз жерге шығу кезінде көмекке мұқтаж адамдарды назардан тыс қалдырмаңыз.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда 4 балдық жер сілкінісі болғанын жазған едік.