Шәкір Кейкиннің қызметтен кетуі кейінгі айларда Атырау қаласы әкімдігі төңірегінде болған оқиғалардан кейін назар аудартып отыр.
Маусым айында қала әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасовқа қатысты соталды тергеу жүріп жатқаны белгілі болды. Кейін оның адвокаты Мұқасовтың қылмыстық іс аясында жауап бергенін, алайда қамауға алынбағанын мәлімдеді.
Сол кезде Шәкір Кейкиннің де тергеу аясында жауап беруге шақырылғаны айтылды. Алайда оған қандай да бір айып тағылғаны туралы ресми ақпарат болған жоқ.
Ал шілде айында қала әкімінің орынбасары әрі белгілі бір кезеңде әкім міндетін атқарған Тілек Махуов 100 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінгені туралы ақпарат тарады. Кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті оған қатысты соталды тергеу жүріп жатқанын растады. Ведомство тергеу құпиясына байланысты істің өзге мән-жайын жарияламады.
Әкім біраз уақыт жұрт алдына шықпай қалған
Осы оқиғалардан кейін қала әкімі Шәкір Кейкіннің біраз уақыт көпшілік алдына шықпауы да тұрғындардың назарын аударған. Желіде оның қайда жүргені туралы сауалдар көбейді.
Сол кезде әкімдік Кейкіннің денсаулығына байланысты уақытша еңбекке жарамсыз болғанын, кейін жұмысқа қайта шығып, міндетін атқарып жүргенін хабарлаған.
Енді Атырау облысы әкімдігі Шәкір Кейкіннің қала әкімі қызметінен өз еркімен кеткенін ресми түрде растады.