Оралда мемлекеттік қызметтен босатылған азамат бұрынғы қызметіне қайта орналасу үшін сотқа жүгінді. Ол букмекерлік кеңседе бәсті өзі емес, туысы тіккенін алға тартқан. Алайда сот оның талаптарын қанағаттандырмады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Іс материалдарына сәйкес, ер адамның атына «Ж» букмекерлік платформасында аккаунт тіркелген. 2025 жылы осы аккаунт арқылы жалпы сомасы 3,8 миллион теңгеден асатын 260 бәс тігілген.
Мемлекеттік қызметтен босатылған азамат сотқа арыз беріп, жұмыстан шығару туралы бұйрықтарды заңсыз деп тануды, бұрынғы қызметіне қайта орналастыруды және моральдық зиян үшін өтемақы төлеуді талап еткен. Оның айтуынша, бәсті өзі емес, аккаунтына қол жеткізуге мүмкіндік берген туысы тіккен.
Сот қандай шешім шығарды?
Сот аккаунтты басқа адамға пайдалануға беру мемлекеттік қызметшіні заңда белгіленген шектеулер мен талаптарды сақтау міндетінен босатпайды деген қорытындыға келген.
Нәтижесінде сот азаматтың барлық талабын қанағаттандырудан бас тартты. Сот шешімі заңды күшіне енген.
Еске салайық, Қазақстанда 2024 жылдың қыркүйегінен бастап мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындарға қатысуға және бәс тігуге тыйым салынған. Бұл шектеу әскери қызметшілерге, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне, сондай-ақ бюджет ұйымдарының басшыларына да қатысты.