Көксу аудандық прокуратурасы лудоманияның алдын алу және мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптарды сақтауына қатысты тексеру жүргізген. Нәтижесінде екі лауазымды тұлғаның букмекерлік кеңсенің мобильді қосымшасы арқылы тұрақты түрде бәс тіккені анықталды.
Олар ойын шоттарын толықтыруға жалпы 7,7 млн теңгеден астам қаражат жұмсаған.
Прокуратураның мәліметінше, мұндай әрекет мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіріп, азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сеніміне кері әсер етуі мүмкін.
Прокурорлық ден қою актісі қаралғаннан кейін тәртіптік комиссия екі қызметшіні де атқарып отырған лауазымдарынан босату туралы шешім қабылдаған.
Қызметінен кеткендердің бірі – 20 жылдан астам еңбек өтілі бар аудандық бөлімше басшысы.
Прокуратура мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтауын және құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алуды бақылауды жалғастыратынын мәлімдеді.