Мәзір
Бүгін, 10:22 / BuginMedia / Жаңалықтар

210 млн теңгеге екі кереует: Жаңаөзен әкімінің бұрынғы орынбасары тергеуге ілікті

Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасына демеушілік көмек ретінде бөлінген қаражаттың жымқырылуына қатысты тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды buginmedia.kz.

210 млн теңгеге екі кереует: Жаңаөзен әкімінің бұрынғы орынбасары тергеуге ілікті 210 млн теңгеге екі кереует: Жаңаөзен әкімінің бұрынғы орынбасары тергеуге ілікті
Фото: видеодан алынды

2025 жылы Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасы күйік бөлімшесін ашуға демеушілік көмек сұрап, «ҚазМұнайГаз» компаниясына өтініш берген. Жобаны жүзеге асыруға 223 млн теңге бөлініп, бұл қаражат «ӨзенМұнайГаз» АҚ арқылы «Жарылқау» қоғамдық қорына аударылған.

Бастапқы жоспар бойынша бұл ақшаға медициналық жабдықтың сегіз түрін сатып алып, мамандарды оқыту көзделген. Алайда кейін жоба шарттары өзгерген.

Нәтижесінде «Жарылқау» қоры, Жаңаөзен қалалық ауруханасы және «AKBS Invest» ЖШС арасында 210 млн теңгеге екі арнайы медициналық кереует сатып алу туралы шарт жасалған.

ҚМА мәліметінше, сатып алу кезінде заң талаптары сақталмаған. Мұндай құны жоғары медициналық жабдықты заң бойынша Бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алу қажет болған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, іске аурухана директорының орынбасары, «Жарылқау» қорының басшысы, Жаңаөзен қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары және өнім беруші компанияның өкілі қатысы бар.

Агенттік мәліметінше, жабдықты сатып алуға 92 млн теңге ғана жұмсалған. Қалған қаражат үлестес компаниялар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, іске қатысушылар арасында бөлінген деген болжам бар.

Сонымен қатар «AKBS Invest» ЖШС өкілі заңсыз жолмен алынған ақшаға Астанадан пәтер сатып алып, оны басқа адамдардың атына рәсімдеген деген күдікке ілінген.

Жаңаөзен қаласы әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты Қылмыстық кодекстің 361-бабы – лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану бойынша тергеу басталған.

Қазір үш күдікті қамауға алынған. Сот санкциясымен олардың мүлкіне, оның ішінде екі пәтерге, екі тұрғын үйге және автокөлікке тыйым салынған.

Тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу барысына қатысты өзге ақпарат жарияланбайды.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2