Мәзір
Бүгін, 08:59 / BuginMedia / Экономика

Қазақстандықтар зейнетақы жинақтарының 100 пайызын жеке басқарушыларға бере алады

7 қыркүйектен бастап қазақстандықтар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) міндетті зейнетақы жинақтарының толық көлемін жеке басқарушы компанияларға бере алады,  деп хабарлайды buginmedia.kz.

Қазақстандықтар зейнетақы жинақтарының 100 пайызын жеке басқарушыларға бере алады Қазақстандықтар зейнетақы жинақтарының 100 пайызын жеке басқарушыларға бере алады
Фото: depositphotos.com

Бұған дейін салымшылар зейнетақы жинақтарының 50 пайызына дейін ғана жеке басқаруға бере алатын. Бұл шектеу 2023 жылғы 1 шілдеден бастап енгізілген еді. Енді азаматтар жинақтарының 100 пайызын өз таңдауы бойынша инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға аударуға мүмкіндік алды.

БЖЗҚ мәліметінше, бұл өзгеріс салымшыларға ұзақ мерзімде зейнетақы капиталын көбейтуге қосымша мүмкіндік береді. Ол үшін азаматтар басқарушы компаниялардың инвестициялық стратегиялары мен қаржылық көрсеткіштерін зерттеп, өзіне қолайлы нұсқаны таңдай алады.

Жеке басқарушылардың кірістілігі жоғары

Соңғы көрсеткіштер бойынша кейбір жеке басқарушы компаниялардың зейнетақы активтері бойынша кірістілігі БЖЗҚ көрсеткішінен жоғары.

1 қыркүйектегі жағдай бойынша БЖЗҚ активтерінің жыл басынан бергі кірістілігі 4,39 пайыз болды. Ал осы кезеңдегі жинақталған инфляция 5,7 пайызды құраған.

Мысалы, «Сентрас Секьюритиз» басқарушы компаниясының жеті айдағы кірістілігі 9,72 пайызға жеткен.

Сонымен қатар 2027 жылдан бастап БЖЗҚ салымшылары зейнетке шыққан кезде инфляция мен жинақ кірістілігінің айырмасы бойынша берілетін біржолғы мемлекеттік төлем тоқтатылады.

2025 жылы бұл кепілдік төлемін 108 156 адам алып, оларға 16 млрд теңгеден астам қаржы төленген. Ал 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында 61 682 салымшыға шамамен 9,7 млрд теңге берілген. Өтемақы төлеу 2026 жылдың соңына дейін жалғасады.

Зейнетақы жинағын қай компанияларға беруге болады?

Қазіргі таңда зейнетақы активтерін басқаруға алты компания жіберілген:

«Alatau City Invest»;

«BCC Invest»;

«Halyk Global Markets»;

«Halyk Finance»;

«Сентрас Секьюритиз»;

«Tansar Capital».

Алайда «Halyk Global Markets» 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап БЖЗҚ-мен келісімшартын бұзатынын хабарлады. Осыған байланысты бұл компанияға зейнетақы активтерін аударуға қатысты жаңа өтініштер қабылданбайды.

Егер басқарушы компания БЖЗҚ тізілімінен шығарылса, салымшылардың жинақтары қайтадан Ұлттық банктің басқаруына қайтарылады.

Зейнетақы активтерін басқару жүйесі өзгереді

Қазақстанда зейнетақы активтерін жеке компанияларға беру тетігін одан әрі кеңейту жоспарланып отыр.

Қаржы нарығын 2030 жылға дейін дамыту бағдарламасында зейнетақы активтерінің жекелеген инвестициялық мандаттарын басқаруға жеке компанияларды кезең-кезеңімен тарту қарастырылған.

4 қыркүйекте бұл өзгерістерге қатысты Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов пікір білдірді.

«Біз негізгі басқарушы ретінде портфельдерді бөлетін боламыз. Қаржылық мүмкіндігі жоғары, кәсіби командаларды, жергілікті басқарушы компанияларды шақырамыз. Олар өз стратегиялары мен мүмкіндіктерін көрсетіп, конкурс негізінде активтердің белгілі бір көлемін басқаруға алады», – деді Тимур Сүлейменов.

Оның айтуынша, жеке басқарушы компаниялардың нәтижесі ай сайын бағаланады. Егер компания жақсы кірістілік көрсетсе, портфель оның басқаруында қалады. Ал нәтиже төмендеген жағдайда активтерді басқа басқарушы компанияға беру мүмкіндігі қарастырылады.

Бұл тәсіл Ұлттық қор активтерін басқару кезінде де қолданылып келеді.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2