Мәзір
Бүгін, 10:56 / BuginMedia / Әлеумет

Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы 10% өсті

Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы 10 пайызға өсті,  деп хабарлайды buginmedia.kz

Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы 10% өсті Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы 10% өсті
Фото: rizedeyiz.com

Қазақстанда 2026 жылдың басынан бері зейнетақы төлемдері мен балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар 10 пайызға ұлғайтылды. Бұл туралы Үкіметтің әлеуметтік саланың даму қорытындыларына арналған есебінде айтылды.

Үкімет мәліметінше, зейнетақы мен жәрдемақыларды индекстеуге республикалық бюджеттен 4,9 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінген.

Индекстеуден кейін ең төменгі жиынтық зейнетақы 105 мың теңгені құрады. Орташа зейнетақы 198 мың теңгеге, ал ең жоғары төлем 238 мың теңгеге дейін өсті. Бүгінде ел бойынша 2,6 миллионға жуық адам зейнетақы алады. Сонымен қатар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақ көлемі 25,7 триллион теңгеге жеткен.

Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар да 10 пайызға көбейді. Жыл басынан бері бұл төлемдерді 1,3 миллионға жуық азамат алған.

Бала туған кезде берілетін біржолғы жәрдемақыларға мемлекет 29,6 миллиард теңге бөлді. Ал 131,2 мың жұмыс істемейтін ата-ана бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы алып отыр. Бұдан бөлек, ай сайынғы төлем 636 мың көпбалалы отбасыға, ал мемлекеттік жәрдемақы 249 мыңға жуық көпбалалы анаға тағайындалған.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер де 10 пайызға артты. Қазіргі таңда мұндай қолдауды 900 мыңға жуық адам пайдаланып отыр.

Үкіметтің дерегіне сәйкес, мүгедектік бойынша орташа жәрдемақы 87 мың теңгеге дейін өскен. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек 36,4 мың отбасының құрамындағы 196,4 мың адамға тағайындалған. Оның басым бөлігін балалары бар отбасылар құрайды.

Еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз деңгейінде сақталып отыр. Жыл басынан бері 250 мыңға жуық азамат жұмысқа орналасқан.

Сонымен қатар әлеуметтік қолдау жүйесін цифрландыру жұмыстары жалғасуда. Қазір республика бойынша 158 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Family Service Management жүйесі арқылы 25 мыңнан астам отбасы түрлі әлеуметтік көмек алған. Ал 5 мыңға жуық отбасы тұрақты әлеуметтік сүйемелдеумен қамтылған.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2