Мәзір
Бүгін, 12:37 / BuginMedia / Әлеумет

Қазақстанда кімдер зейнетке ерте шыға алады? - Министрлік жауап берді

Қазақстанда ерлер 63 жаста, ал әйелдер 61 жаста зейнетке шығады. Дегенмен заңнама азаматтардың кейбір санаттарына белгіленген жастан ертерек зейнетақы төлемдерін алуға мүмкіндік береді,  деп хабарлайды buginmedia.kz.

Қазақстанда кімдер зейнетке ерте шыға алады? - Министрлік жауап берді Қазақстанда кімдер зейнетке ерте шыға алады? - Министрлік жауап берді
Baq.kz

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Кімдер ерте зейнетке шыға алады?

Әлеуметтік кодекске сәйкес, жалпы зейнеткерлік жас ерлер үшін – 63 жас, әйелдер үшін 2028 жылға дейін – 61 жас болып белгіленген.

Сонымен бірге азаматтардың жекелеген санаттарына жеңілдіктер қарастырылған.

Мәселен, Семей ядролық сынақ полигонының радиациялық әсеріне ұшыраған аумақтарда 1949 жылғы 29 тамыздан 1963 жылғы 5 шілдеге дейінгі кезеңде кемінде бес жыл тұрған азаматтар жеңілдікпен зейнетке шыға алады.

Оларға:

ерлерге – 50 жастан;

әйелдерге – 45 жастан бастап жасына байланысты зейнетақы төлемдері тағайындалады.

Бұдан бөлек, бес және одан да көп бала туған немесе асырап алған әрі оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жасқа толғанда зейнетақы төлемдерін алуға құқылы.

Зейнетақы тағайындату үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына өтініш береді. Қажетті құжаттардың қатарында жеке куәлік, еңбек кітапшасы, архивтік анықтамалар, сот шешімдері, әскери билет және балалардың туу туралы куәліктері болуы мүмкін.

Министрліктің мәліметінше, 2026 жылы ерте зейнетке шығу құқығын 5410 азамат пайдаланған.

Зиянды өндірісте жұмыс істейтіндерге қандай төлем қарастырылған?

Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға да арнайы қолдау тетігі бар.

2014 жылдан бері жұмыс берушілер негізгі міндетті зейнетақы жарналарына қоса, өз қаражаты есебінен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (МКЗЖ) төлейді.

Мұндай жарналар төленетін кәсіптер мен жұмыстардың тізімі Еңбек министрлігінің 2023 жылғы 24 мамырдағы №170 бұйрығымен бекітілген.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеген азаматтарға арнайы әлеуметтік төлем енгізілді.

Бұл төлем 55 жасқа толған және жиынтығында кемінде 84 ай бойы МКЗЖ төленген азаматтарға тағайындалады. Ол жалпы белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін беріледі.

55 жастан кейін мұндай азаматтар бірнеше көзден төлем ала алады. Оның құрамына:

зейнеткерлік алдындағы аннуитеттік сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемі;

жұмыс беруші төлейтін қаражат;

БЖЗҚ-дағы міндетті және міндетті кәсіптік жарналар есебінен берілетін зейнетақы төлемдері;

республикалық бюджеттен төленетін арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы кіреді.

Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақының мөлшері екі ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең.

Әскери қызметшілердің зейнетақысы қалай есептеледі?

Әскери қызметшілер, құқық қорғау органдары мен арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері үшін зейнетақымен қамсыздандыру тәртібі бөлек қарастырылған.

Бұл олардың қызметтік міндеттерін жоғары тәуекел жағдайында орындауымен және ұлттық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі ерекше рөлімен байланысты.

Сондықтан аталған санаттарға зейнетақы тағайындау жалпы азаматтарға қолданылатын тәртіптен өзгеше жеке заңнамалық нормалармен реттеледі.

Зейнетақы жинағы зейнетке шығу жасын өзгертпейді

БЖЗҚ-дағы жинақтың жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін пайдалану немесе ерікті зейнетақы жарналарын аудару азаматтың зейнеткерлік жасын төмендетпейді.

Алайда жинақ көлемі болашақ зейнетақы мөлшеріне тікелей әсер етеді. Азамат зейнетақы жүйесіне неғұрлым ұзақ қатысып, көбірек жарна аударса, кейінгі төлем көлемі де соғұрлым жоғары болады.

Қазақстандағы зейнетақы үш бөліктен тұрады

Қазіргі зейнетақы жүйесінде төлемдер үш негізгі құрамдас бөліктен қалыптасады. Олар – ынтымақты, базалық және жинақтаушы зейнетақы.

Ынтымақты зейнетақы негізінен 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтіліне байланысты есептеледі. Сондықтан жинақтаушы жүйеге дейінгі еңбек өтілі бар азаматтар үшін бұл төлем маңызды рөл атқарады.

Базалық зейнетақы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарай барлық тиісті азаматтарға тағайындалады. Бұл ретте 1998 жылға дейінгі және одан кейінгі кезеңдегі еңбек өтілі ескеріледі. Оның мөлшері белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан 118%-ына дейін болуы мүмкін.

Жинақтаушы зейнетақы азаматтың БЖЗҚ-дағы жинағына байланысты төленеді. Оның көлеміне міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік жарналар және ерікті зейнетақы жарналары әсер етеді.

Осылайша, азаматтың зейнетақы мөлшері оның еңбек өтіліне, жүйеге қатысу ұзақтығына және зейнетақы қорына аударылған жарналардың көлеміне тікелей байланысты.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2