Мәзір
Бүгін, 12:15 / BuginMedia / Экономика

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендетті

Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендетті. Бұл туралы Ақша-кредит саясаты комитеті хабарлады. Бұған дейін базалық мөлшерлеме 16,5% деңгейінде болған, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендетті Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендетті
Фото: ҚР Ұлттық банк

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені неге төмендетті?

Базалық мөлшерлеме ±1 пайыздық тармақ дәлізімен 16,25% деңгейінде белгіленді. Ұлттық банк бұл шешімді инфляция мен негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің жаңарған бағасын ескере отырып қабылдады.

Инфляция баяулап келеді

Ұлттық банктің мәліметінше, тамызда Қазақстандағы жылдық инфляция 9,8%-ға дейін төмендеді. Баға өсімінің баяулауы қатарынан 11 ай жалғасып отыр.

Азық-түлік бағасы бір жылда 9,5%-ға өскен. Бұған жеміс-жидек пен көкөніс бағасының төмендеуі және импорттық тауарлардың арзандауы әсер етті.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша инфляция 11,4%-ға, ал қызмет көрсету саласында 8,9%-ға дейін баяулаған.

Тамыздағы айлық инфляция 0,6%, базалық инфляция 0,7% болды. Сонымен қатар халықтың инфляциялық күтулері де төмендеген. Шілдеде тұрғындардың алдағы бір жылдағы инфляция бойынша күтулері 12,1% болса, маусымда бұл көрсеткіш 13,4% болған.

Мөлшерлемені әрі қарай төмендету қиындауы мүмкін

Ұлттық банк инфляция мен инфляциялық күтулердің жақсаруы базалық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік бергенін атап өтті. Алайда реттеуші мөлшерлемені одан әрі төмендету мүмкіндігі шектеулі екенін ескертті.

Бұған 2027 жылға арналған инфляция болжамының қайта қаралуы және проинфляциялық тәуекелдердің күшеюі себеп болып отыр.

Негізгі тәуекелдер қатарында ішкі сұраныстың өсуі, инфляциялық күтулердің тұрақсыздығы, жанар-жағармай бағасы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық тарифтерінің өзгеруі бар.

2027 жылға инфляция болжамы өсті

Ұлттық банк 2026 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 9-11% аралығында болады деген болжамын сақтап қалды.

Ал 2027 жылға арналған инфляция болжамы 5,5-7,5%-дан 6,5-8,5%-ға дейін көтерілді. Реттеуші мұны сыртқы инфляциялық қысымның күшеюімен, реттелетін бағалар бойынша болжамдардың өзгеруімен және фискалдық ынталандырудың артуымен түсіндірді.

2028 жылы инфляцияның 5% нысаналы деңгейге жақындауы күтіледі.

Қазақстан экономикасының өсімі бойынша болжам өзгерген жоқ. Ұлттық банк 2026 жылы жалпы ішкі өнім 4,5-5,5% аралығында өседі деп күтеді.

Базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім 23 қазанда жарияланады.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2