Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияға сәйкес мемлекеттік билік институттарын қалыптастыру үшін бірқатар рәсім жүргізілуі қажет екенін айтты. Соның бірі – Құрылтайдың басшылығын сайлап, оның құрылымын бекіту.
Конституцияның 57-бабына сәйкес, Құрылтай төрағалығына кандидатты Президент ұсынады. Осыған байланысты Тоқаев бұл қызметке Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын ұсынды.
«Мен жауапкершілігі зор бұл лауазымға Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын ұсынамын», – деді Мемлекет басшысы.
Президент оның мемлекеттік басқару саласында көп жыл еңбек еткенін атап өтті. Сондай-ақ Дәдебайдың тәжірибесін, білімі мен кәсіби қасиеттерін жоғары бағалады.
«Тәжірибесі мол деп айтуға болады. Өзінің білімді, отаншыл, адал азамат екенін нақты істерімен дәлелдеді. Сондықтан оны осы лауазымға лайық деп санаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Құрылтай депутаттарын ұсынылған кандидатураны қолдауға шақырды. Депутаттар Айбек Дәдебайдың кандидатурасын бірауыздан қолдап, оны Құрылтай төрағасы етіп сайлады.