Полиция мәліметінше, түнгі уақытта екі белгісіз адам жергілікті тұрғынның үйіне кіріп, әйелді бір сағат бойы ұрып-соғып, ұялы телефонын алып кеткен.
«Тәжірибелі криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының кешенін жүргізіп, күдіктілердің жеке басын және олардың орналасқан жерін анықтады. Күдікті ретінде Төлеби ауданының екі тұрғыны ұсталып, қамауға алынды», – делінген полиция ақпаратында.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысы Түркістан облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Бұған дейін әйелдің беті мен денесіндегі жарақаттары көрінетін видео әлеуметтік желілерде тараған еді. Өңірлік полиция департаменті жәбірленушінің жағдайы тұрақты екенін және денсаулығына қауіп жоқ екенін хабарлады.