Атырау облысы Индер ауданы ауруханасына ауыр соққылардан түскен Ақбөбек сол түні не болғанын көзіне жас алып еске алады. Күйеуі бұрыннан қол жұмсайтынын, бірақ бұл әрекетін уақыт өте қоятын болар деп кешіріп келгенін айтып жылады. Бұл жолы көршісінің үйіне қашып барып жан сауғалаған. Сол жерден жедел жәрдем шақырған. Оның айтуынша, жолдасы намаз оқиды, бірақ сол түні үйге мас боп келген.
Жәбірленуші Ақбөбек Оразбаеваның сөзінше, күйеуі бұған дейін де оған қол көтерсе де, ол кешіріп келген. Бірақ әйел осы жолы жүрегінің астында көтеріп жүрген сәбиі үшін қорыққан.
“Мен жатыр едім, ол келіп жұдырығымен ұрды. Екі рет ұрғандай болды. Басым, құлағым – бәрі шыңылдап кетті. "Алла, Алла" деп айтып, жайманы алдым. Сол кезде кіші қызым оянып кетті. Сөйтсем, екі балам да ұйықтамаған екен. Қорыққаннан ұйықтап жатқандай болыпты. Сол сәтте оның мені аяйтынын түсіндім”, – дейді әйел.
Қазір әйел Индер аудандық ауруханасында жатыр. Ерлі-зайыптының ортақ некеден үш баласы бар. Әйел полицияға арыз жазған. Алайда оның айтуынша, агрессорды полиция қызметкерлері көп ұзамай босатып жіберген. Жәбірленуші шу шығарып, наразылық білдіргеннен кейін ғана ер адам қайтадан ұсталған.
Құқық қорғау органдары әзірге оқиғаға қатысты пікір білдірмеді. Олар істің мән-жайы анықталып жатқанын айтты.
Дәрігерлер әйелге өзін ешкім мазаламау керегін айтқан.
“Ауруханаға түскен кезде оның басы мен жақ сүйегі тұсында көптеген жарақаты болды. Сол аяғында да көгерген жерлері бар. Сонымен қатар ішінің ауырғанына шағымданды. Қазір хирургия бөлімінде ем қабылдап жатыр”, – дейді Индер аудандық ауруханасының хирургі Асланбек Ермұханов.
Оның айтуынша, қазір әйелдің жағдайы тұрақты.