Марқұм Гүлмира бірінші некесі сәтсіз болған соң, екінші рет тұрмыс құрған. Күйеуі де екінші рет үйленген. Бірінші әйелімен 12 жыл отау құрғанымен, бала сүймеген. Ерлі-зайыпты еш жанжалсыз, бір-біріне бақыт тілесіп айырылысқан. Ер адам араға уақыт салып, өзінен 13 жас кіші Гүлмирамен бас қосқан. Ал отбасындағы жанжал биыл шілдеде болған.
«23 шілдеде Гүлмира және тағы бір сіңлім үшеуіміз бейнеқоңыраумен сөйлестік. Гүлмираның қолы гипсте екен. Мен ашуланып, оны ата-анама айтып қойдым. Күйеуіне хабарласып, сіңлімнің сөзін сөйледім. Сөйтіп жатқанымда Гүлмирадан кіші сіңлім маған «мамаға айтпа» деп жанталасып жазып жатты», – дейді марқұм әйелдің әпкесі Азиза Мырзақұлова.
Әпкесінің анасына айтып қойғанын білген Гүлмира сіңілісімен қоштасқан.
«Гүлмира сіңліме «әпкем ата-анама айтып қойды, екі балам аманат, мен шаршадым» деп айтқан. Содан сіңлім маған «Гүлмира өзіне бір нәрсе істеді, тез бару керек» деді. Мен інімді шақыра салып, оның жалдамалы пәтерін іздедім. Сағат таңғы 11-ден түскі үшке дейін іздеп, әрең таптық. Сол уақыт аралығында қайын жұрты телефонға жауап бермеді», – дейді марқұмның туыстары.
Гүлмира мен күйеуі екі жарым жыл ата-енесінің үйінде тұрып, бөлек шыққанына жеті ай болған. Қайғылы оқиға екінші рет ауыстырған жалдамалы пәтерде болған. Әйелдің төркіні оның пәтерінің нақты мекенжайын білмеген. Бірақ Гүлмира осы жылдар ішінде бірде-бір рет күйеуінің ұратыны туралы шағым айтпаған.
«Гүлмира күйеуінің телефонын сындырып тастаған. Күйеуі сол үшін қолын сындырған. Күйеуіне «сіңлімді неге ұрасың, алып кетем» десем, «алып кете бер» деді. Бұл ұрыс-керіс 23 шілдеде болған. Ал Гүлмира 26 шілдеде өзіне қол жұмсады», дейді әпкесі.
Туыстары «Гүлмира бұған дейін де таяқ жеді» деп күдіктенеді. Гүлмираның денесі мәйітханаға жеткізілген. Бірақ екі тарап сол жерде жанжалдасып, арты тіпті төбелеске ұласқан.
«Немерелерім науқас»
Orda.kz тілшісі күдікке ілінген күйеудің ата-анасымен сұхбаттасты. 70 жастан асқан зейнеткерлер Гүлмира қолдарында тұрғанда жанжал болмағанын айтады.
«Тойын жасап, келін етіп түсірдік. Балам бірінші келінмен өте жақсы тұрды, бірақ баласы болмады. Ал Гүлмира екеуінен егіз немерем дүниеге келді. Бір ұл, бір қыз. Қыздың талмасы бар, ал ұлды босанғанда вакууммен шығарып, содан миына зақым келген. Өздігінен тамақ іше алмайды, көзі көрмейді. 2,5 жасқа келді», дейді марқұм әйелдің енесі Қызболды Бектемісова.
«Бөлек шықпа дедім»
Былтыр желтоқсанда Гүлмира мен күйеуі бөлек шығатындарын айтқан. Алайда енесі қарсы болған.
«Екі немерем де науқас. Өзім әрең жеткен немерелер. Титтейінен ауыздарына қасықпен тамақ беріп өсірдім. «Бағып берейін, екеуімен қиналасың» дедім. Содан бала мен келін бөлек шығамыз деп қоймады. Пәтер жалдап кетті. Шалымыз екеуміз алған жер бар еді. Соған құрылыс материалдарын екеуміз сатып алып, тасуды бастадық. Үй салып берейік дедік», дейді зейнеткерлер.
Жанжал телефоннан басталған
Бірге тұрғанда бірде-бір жанжалдаспаған Гүлмира мен күйеуі бөлек шыққанда шаңырақ шайқала бастаған.
«Балам келінге 7-8 рет телефон соғыпты. Келінім көтермеген. Содан үйге келіп жанжалдасып, келін күйеуінің телефонын алып, жерге атып ұрған. «Жаңа телефонды неге шағасың, осымен күн көріп отырмыз емес пе?» деп қолынан ұрып жіберген. Өйткені ұлым күндіз терезе жасайды, түнде таксист болады. Келін қорғанам деп қолын тосқан. Сол кезде саусағы шығып кетіпті. Оны естіп, құстай ұшып бардық. Екеуін татуластырып, келіннің қолын ауруханаға апарып, гипстеп бердік. Үйлерінде үш күн жатып, саламыз деген үйдің құрылыс заттарын әкелуге таңертең шығып кеткенімде Гүлмира өз-өзіне қол жұмсапты», дейді марқұмның енесі.
«Келінім күйзелісте болды»
Татуласып, тыныш отырған келініне не болғанын білмедім деген енесі де көз жасын тыя алмады.
Айта кетейік, енесі үйден шыға салысымен Гүлмира әпке-сіңлісімен бейнеқоңыраумен сөйлеспек болған. Бұл 26 шілдеде, жанжал болғаннан кейін үш күн өткен соң болған жағдай. Сол кезде әйелдің қолы сынғанын көрген төркіні ашуға беріледі. Дәл сол сәтте Гүлмира сіңілісіне балаларын аманаттап, өзіне қол жұмсаған.
«Менің ойымша, келінім екі бірдей науқас баладан шаршап, күйзеліске түсті. Қолымда жүргенде де немерелерімді шырылдатып ұра беретін. Ара түсетін едік, ұрма деп. Ол кезде бір шетіне шығып, балаларды атасы екеуміз қарадық. Пәтерге шыққанда мүмкін жалғыздықтан қажыды ма екен, кім білсін?», дейді енесі Қызболды Бектемісова.
«Әйел басымен ұра береді»
Бір де бір келіні төркініне кетіп, ешбір қызы некесін бұзбағанын айтқан Гүлмираның қайын жұрты «басымызға бұлт үйірілді» дейді.
«Екі айда үй салып, бала-келінді кіргізейік деп жанталасып, құрылыс базарында жүргенде қаралы хабар келді. Келін сол жалдамалы үйдің алдындағы контейнерде өзіне қол жұмсапты. Гүлмира арық еді, кейіннен өте қатты толып кетті. Сол күйзелістен болды. Қазір екі немерем қолымда. Бұған дейін ұлым екі рет «мама, Гүлмира мені әйел басымен ұра береді, шаршадым» деп айтты. «Қой, жас қой, басылады» деп ұлға басу айттық. Сөйтіп тағы бір төбелесте балам енесіне хабарласып, «қызыңызды алып кетіңіз, шыдамым таусылды» депті. Әкесі екеуміз қатты ашуланып, ұлымызды ұрыстық», дейді Гүлмираның енесі.
Ескерте кетейік, қос тараптың пікірін бергенімізбен, оқиға қалай болғаны тергеу аяқталғанда белгілі болады. Тараптардың бұл сұхбатта айтқан уәждерін тексеру мүмкін болмады.