Мәзір
Бүгін, 13:18 / BuginMedia / Жаңалықтар

Мәдинаның өлімі: анасына қызының аккаунтынан видео келген

19 жастағы Мадина Авезова қайтыс болар алдында анасына WhatsApp аккаунты арқылы видео жіберген. Жазбада қыздың өзіне қол жұмсауға дайындалып жатқанын аңғаруға болады. Дегенмен видеоны нақты кім түсіргені және кадрдағы адамның Мадина екені әзірге анықталған жоқ. Марқұмның құрбысы бұл жазбаны біреу әдейі түсіріп, қыздың аккаунтынан жіберуі мүмкін деген күдік келтіріп отыр, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Мәдинаның өлімі: анасына қызының аккаунтынан видео келген Мәдинаның өлімі: анасына қызының аккаунтынан видео келген
Фото: видеодан алынды

Мәдина Авезованың өліміне қатысты жаңа деректер белгілі болды. Марқұмның анасы мен жақындары журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында оқиғаға қатысты бірқатар мәлімет айтқан.

Анасына келген видео

Мәдинаның құрбысының айтуынша, қыз қайтыс болардан аз уақыт бұрын анасының WhatsApp нөміріне оның аккаунтынан видео жіберілген. Кадрлардан қыздың өзіне қол жұмсауға дайындалып жатқаны болжанады.

Алайда видеоны кім түсіргені және ондағы адамның Мәдина екені әзірге анықталмаған. Құрбысы жазбаның әдейі түсіріліп, оқиғаны басқа қырынан көрсету үшін жіберілуі мүмкін деген күдік білдірген. Сондай-ақ ол видеоға марқұмның күйеуінің қатысы болуы ықтимал деген болжам айтқан.

Бұл мәліметтердің барлығы әзірге ресми түрде расталған жоқ. Олардың шындыққа сәйкестігі тергеу барысында анықталуы тиіс.

Мәдинаның некесі туралы

Марқұмның анасы сұхбат барысында қызының отбасылық өміріне қатысты да пікір білдірді. Оның айтуынша, Мәдина болашақ күйеуімен интернет арқылы танысқан. Анасы бұл некеге бастапқыда қарсы болғанын, кейін қызының өзі жас жігітпен бірге қалуды таңдағанын айтты.

Мәдинаның қайтыс болғанын анасы қызының құрбысынан естіген. Оның сөзінше, жерлеу рәсіміне марқұмның күйеуі мен оның туыстары қатыспаған.

Соңғы жанжал

Бұған дейін Мәдинаның құрбысына отбасындағы жанжалдар туралы айтып, күйеуінен зорлық көргеніне шағымданғаны хабарланған. Құрбысы қыздың денесіндегі жарақат іздерін көргенін және олардың суреттерін алғанын айтқан.

Құрбысының сөзінше, соңғы жанжал тұрмыстық жағдайға байланысты болған. Осыдан кейін Мәдина үйден кетіп, ажырасқысы келетінін айтқан. Сондай-ақ құрбысынан ақша сұраған. Арада көп уақыт өтпей, оның қайтыс болғаны белгілі болған.

Полиция не дейді?

Бұған дейін Жамбыл облысының полиция департаменті Мәдинаның өліміне байланысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлаған.

Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Тергеу мүддесіне байланысты полиция әзірге өзге ақпаратты жариялаған жоқ.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2