14 тамызда Алматы қаласы мен Алматы облысының бірқатар аумағында электр энергиясы жаппай өшіп қалды. Апаттық ажыратуға байланысты мыңдаған тұтынушы жарықсыз қалған.
«Алатау Жарық Компаниясының» мәліметінше, сағат 14:38-де KEGOC-ке тиесілі 500 кВ L-5400, L-5300 және L-5320 әуе электр желілері апатты жағдайда ажыратылған. Осыдан кейін электр желілеріндегі апатқа қарсы автоматты жүйе іске қосылып, Алматы мен облыстағы тұтынушылардың бір бөлігі электр қуатынсыз қалған.
Алматыда жарық Бостандық, Наурызбай, Әуезов және Алатау аудандарында өшкен. Сонымен қатар тұрғындардың хабарламалары бойынша, Алмалы және Түрксіб аудандарында да электр қуаты үзілген.
Алматы облысында электр энергиясының үзілуі Жамбыл, Балқаш, Есік, Қарасай, Шелек, Райымбек, Ұйғыр, Іле, Кеген және Талғар аудандарында тіркелді.
Қазіргі уақытта мамандар электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Бұған дейін KEGOC Қазақстанның электр энергетикасы жүйесінде технологиялық ақау болғанын хабарлаған.