Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте журналистер Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтен Алматы, Астана және Павлодар тұрғындарының әлеуметтік желіде АИ-95 және АИ-98 маркалы бензин құйғаннан кейін көліктері бұзылғаны туралы жазған шағымдары жөнінде сұрады.
Министр бұл мәселенің ведомствоға белгілі екенін айтты.
«Қазір әлеуметтік желілерде бұл тақырып қызу талқыланып жатыр. Әрине, министр ретінде де, жалпы Энергетика министрлігі де бұл мәселенен хабардар», – деді Ерлан Ақкенженов.
Оның айтуынша, ведомство Павлодар мұнай-химия зауытын (ПМХЗ) тексеруге кіріскен. Вице-министр бастаған комиссия өндірілген жанармайдан сынама алып жатыр. Сонымен қатар, жанармай құю бекеттеріндегі отын сапасы да тексеріледі.
Министр жанармай өндіру кезінде техникалық ақау болуы мүмкін екенін жоққа шығармады.
«Бәлкім, мотор отынын өндіру кезінде ақау болған шығар. Қазір жанармай құю желілері мұнай өңдеу зауытын көрсетіп отыр. Ал зауыт мұның жанармай құю желілерінен болуы мүмкін екенін айтады. Барлығын анықтап, жақын арада мәселенің нүктесін қоямыз», – деді министр.