Тергеу мәліметінше, Байболов салықтар мен бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдерді жүйелі түрде төлеуден жалтарған ұйымдасқан топтың мүшесі болған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, топ кәсіпорындарды сатып алып, оларды жалған басшылардың атына қайта тіркеген. Кейін осы компаниялардың банк шоттары арқылы қаржы операциялары жүргізіліп, салық есептілігіне әдейі бұрмаланған мәліметтер енгізілген. Артынша қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Аталған схемаға пайдаланылған кәсіпорындардың бірі «Сфера» ЖШС болған. 2014 жылы Ұлан Байболов осы компания директорының орынбасары қызметіне тағайындалған.
Тергеу дерегіне сәйкес, топ мүшелері серіктестіктің есепшоттарынан 2,5 млрд теңгеден астам қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған. Бұдан бөлек, 1 млрд теңгеден астам қосымша салық есептелген.
Сот күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, істің өзге мән-жайлары жарияланбайды.
Сонымен қатар Байболовтың кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен әлі анықталған жоқ. Сондықтан ол кінәлі деп танылғанға дейін кінәсіз болып есептеледі.