Оқиғаның мән-жайы 2024 жылы белгілі болған. Сол кезде Колорадо тұрғыны, 36 жастағы Джереми Моррисон генетикалық тест тапсырып, өзінің биологиялық ата-анасы өзі өскен отбасы емес екенін анықтаған.
Моррисон бала кезінен отбасында өзін өзгеше сезінгенін айтады. Оның сөзінше, туыстарының басым бөлігінің шашы қара болған, ал оның шашы ашық түсті болған.
ДНҚ тестінің нәтижесінде Моррисонның әпкесі сол күні дәл осы ауруханада дүниеге келген Кайл Байлин есімді ер адамды тапқан. Ол да Джеремимен бір күнде, бірнеше сағат айырмашылықпен туған.
Осы деректер анықталғаннан кейін екі отбасы Unity ауруханасын жаңа туған нәрестелерді шатастырып, оларды бір-бірінің отбасына берді деп айыптап, сотқа жүгінді.
Қазір екі отбасы ауруханадағы 36 жыл бұрын болған оқиғаға қатысты жауапкершілікті анықтауды талап етіп отыр.
Аурухана басшылығы тағылған айыптарды мойындамай отыр. Медициналық мекеме өкілдерінің айтуынша, оқиға болған кезде жұмыс істеген қызметкерлердің барлығы қазір жұмыстан кеткен, ал сол кезеңге қатысты қажетті құжаттар сақталмаған.
Аурухана таратқан мәлімдемеде: «Unity Medical Center ауруханасының жауапкершілігіне қатысты ешқандай дәлел таппадық», – делінген.
Оқиғадан кейін екі отбасы да өздерінің биологиялық ұлдарымен кездескен. Ал Джереми Моррисон мен Кайл Байлин әзірге бір-бірімен жүздеспеген.