Мәзір
Бүгін, 11:35 / BuginMedia / Экономика

Британдық компания Қазақстандағы ірі вольфрам кен орнын игеруге кіріседі

Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан Ақсоран вольфрам кен орнында 2028 жылдан бастап жылына 1 миллион тоннаға дейін вольфрам кені өндірілмек. Бұл туралы Qazba.kz порталы «Есіл-Mining» компаниясының тау-кен жұмыстары жоспарына енгізілген өзгерістерге негізделген қоршаған ортаға ықтимал әсерді бағалау (ҚОӘБ) құжаттарына сілтеме жасап хабарлады.

Британдық компания Қазақстандағы ірі вольфрам кен орнын игеруге кіріседі Британдық компания Қазақстандағы ірі вольфрам кен орнын игеруге кіріседі
istockphoto.com

Жобаға сәйкес, кеніштің жалпы пайдалану мерзімі 16 жылды құрайды. Оның ішінде 13 жыл бойы өндірістік жұмыстар жүргізіліп, жыл сайын 1 млн тонна кен өндіру көзделген.

Кен жерасты тәсілімен өндіріледі

Компания кен өндірудің үш нұсқасын қарастырған: ашық, аралас және жерасты әдістері.

Бағалау қорытындысы бойынша ашық әдіс экологиялық және экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп танылған. Аралас тәсіл белгілі бір нәтижелер көрсеткенімен, ең тиімді нұсқа ретінде жерасты өндірісі таңдалған.

2027 жылы кен орнында дайындық және тау-кен құрылысы жұмыстары жүргізіледі. Ал өндірісті 2028 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Осы уақытқа дейін кен байыту фабрикасы да салынуы тиіс.

Кен орнында 13,9 млн тонна вольфрам кені бар

Мамандардың бағалауынша, Ақсорандағы өндірістік қор 13,9 миллион тонна вольфрам кенін құрайды. Оның құрамындағы вольфрам триоксидінің көлемі шамамен 61,9 мың тонна, ал орташа мөлшері 0,45% деңгейінде.

Бұдан бөлек, кен орнында 3,8 мың тоннаға жуық молибден қоры да анықталған.

Ұлттық парк күзет аймағында орналасқан

Ақсоран кен орны мемлекеттік орман қоры мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың аумағына кірмейді. Дегенмен ол «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің күзет аймағында орналасқан.

Қазақстанда 2021 жылы ұлттық парктердің күзет аймақтарында пайдалы қазбаларды барлауға және өндіруге тыйым салатын заңнамалық өзгерістер қабылданған болатын. Алайда «Есіл-Mining» компаниясы кен өндіруге лицензияны 2020 жылы, яғни бұл өзгерістер күшіне енбей тұрып алғандықтан, жобаны іске асыру құқығын сақтап отыр.

Кеніште электр техникасы пайдаланылады

Жобаға сәйкес, кеніштегі негізгі техника электр қозғалтқыштарымен, оның ішінде аккумулятормен жұмыс істейтін машиналармен жабдықталады.

Қазба отынын тек шахтадағы су себетін арнайы техника ғана пайдаланады. Дизель отынын оған жерасты электр көлігі жеткізіп тұрады. Сонымен қатар кеніш аумағында жанар-жағармай қоймасы мен автожанармай құю бекеті салынады.

Компания кімге тиесілі?

Adata.kz мәліметінше, «Есіл-Mining» компаниясының жалғыз құрылтайшысы – Ұлыбританияда тіркелген Resources Enterprise Limited компаниясы.

Вольфрам неге маңызды?

Вольфрам АҚШ пен Еуропалық одақ үшін стратегиялық маңызы бар минералдардың қатарына кіреді. Ол аса берік қорытпалар, кескіш құралдар, дәнекерлеу электродтары, қыздыру шамдарының жіптері, сондай-ақ қорғаныс және ғарыш өнеркәсібінде кеңінен қолданылады.

АҚШ 2015 жылдан бері вольфрам өндірмейді. Әлемдегі ең ірі өндіруші – Қытай. Осыған байланысты соңғы жылдары АҚШ пен Еуропа Қазақстандағы ірі вольфрам кен орындарын игеруге ерекше қызығушылық танытып келеді.

Ақсоранды Солтүстік Қатпар кен орнымен салыстыруға болады

2025 жылдың қарашасында америкалық Cove Capital компаниясы мен қазақстандық «Тау-Кен Самұрық» Қарағанды облысындағы Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты вольфрам кен орындарын бірлесіп игеру туралы келісімге келген болатын.

Ортақ кәсіпорында америкалық компания 70%, ал «Тау-Кен Самұрық» 30% үлеске ие болды. Жобаға салынатын инвестиция көлемі 1,1 млрд доллар деп бағаланған.

Бұған дейін жарияланған жоспарға сәйкес, Солтүстік Қатпарда кен өндіру 2030 жылы басталып, 2033–2047 жылдары жыл сайын 3 миллион тоннаға дейін кен өндірілмек. Жалпы жоба аясында 107,1 мың тоннадан астам вольфрам триоксиді өндірілетіні болжанған.

Салыстырмалы түрде алғанда, Ақсоран кен орнындағы вольфрам қоры Солтүстік Қатпарға қарағанда аз болғанымен, еліміздегі ірі кен орындарының бірі саналады.

Айта кетейік, биыл Cove Kaz Capital Group LLC компаниясы «Солтүстік Қатпар» жобасындағы 70 пайыздық үлесті 114,8 млн долларға сатып алды. Бұл компания АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлдары Дональд Трамп кіші мен Эрик Трамппен байланысты.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2