Ақтөбеде 26 жастағы әйелді бұрынғы күйеуі тұншықтырып өлтірді деген күдікке ілінді. Қайғылы оқиғадан кейін марқұмның төрт жасар қызы анасыз қалды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Halyqstan мәліметінше, қылмыс Ақтөбедегі Есет батыр шағын ауданында болған. Алдын ала ақпарат бойынша, 31 жастағы ер адам бұрынғы әйелін тұншықтырып өлтірген.
Ақтөбе облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Әсет Қалиевтің айтуынша, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.
«Алдын ала анықталғандай, қылмыс бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы тұрмыстық жанжал салдарынан жасалған. Айта кету керек, бұған дейін полицияға тұрмыстық жанжалдарға қатысты ешқандай арыз-шағым, өтініш немесе дабыл түспеген», – деді Әсет Қалиев.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.