Иранның Tasnim агенттігінің мәліметінше, Тегеранның келісімінсіз Ормуз бұғазы арқылы өтпек болған мұнай танкері минаға жарылған.
Басылымның хабарлауынша, АҚШ армиясының ықпалымен үш мұнай танкері Ормуз бұғазының оңтүстігіндегі миналанған бағытпен жүруге әрекеттенген. Алайда олардың бірінде жарылыс болып, қатты өрт шыққаннан кейін қалған екі кеме кері қайтқан.
Осыдан кейін Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) АҚШ-тың өңірдегі «агрессивті әрекеттері» жалғасып жатқандықтан, Иранның әскери-теңіз күштері Ормуз бұғазын бұғаттауды жалғастыратынын мәлімдеді. Сондай-ақ Тегеранның келісімінсіз бұғаздан өтпек болған кез келген кемені минаға жарылған танкердің тағдыры күтетіні ескертілді.
Ал Financial Times басылымы 23 шілдеде Еуропа ғарыш агенттігінің спутник суреттеріне сүйене отырып, грек кәсіпкері әрі кеме қатынасы компанияларының иесі Георгиос Прокопиуға тиесілі Kavomaleas танкері 19 шілдеде Ормуз бұғазында шабуылға ұшырап, кейін Иранның аумақтық суларына жеткізілген болуы мүмкін екенін жазды.
Басылымның мәліметінше, танкер Оманнан шығып, Парсы шығанағына бет алған сәтте оған екі снаряд тиген. Соның салдарынан қозғалтқыш бөлімінде өрт шығып, экипаж эвакуацияланған.
21 шілдеде түсірілген спутник суреттерінде Ларек аралы маңындағы Иранның аумақтық суларында көлемі мен палубасының түсі Kavomaleas танкеріне ұқсас кеме байқалған. Сондай-ақ оның қозғалтқыш бөлігінен түтін шығып жатқаны көрінеді.
Financial Times шабуыл жасалған теңіз аумағы қазір бос екенін, ал сарапшылар танкерді Иран күштері бақылауына алған болуы мүмкін екенін айтады.
Белгілі болғандай, Kavomaleas танкері Парсы шығанағынан шамамен 500 мың баррель мұнай тиеп әкетуі тиіс болған. Спутник суреттерінде шабуылға ұшыраған кеменің артынан мұнай ізі созылып жатқаны байқалады.
Өз кезегінде танкердің иесі Dynacom компаниясы кемені ешқайда жылжытуға рұқсат бермегенін мәлімдеп, қазіргі уақытта оның нақты орналасқан жерін анықтап жатқанын хабарлады.