Оның айтуынша, күдіктінің жасы тіпті тәжірибелі жедел қызметкерлердің өзін таңғалдырған. Тексеру барысында мектеп оқушысынан тыйым салынған заттың 70-тен астам дозасы тәркіленген. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол есірткіні «жасырын орындарға қалдыру» тәсілімен таратпақ болған.
Астана Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әбіл Әбілдиннің айтуынша, есірткі сақтау және тарату күдігімен ұсталған 15 жастағы қыз жағдайы жақсы, әлеуметтік тұрғыдан қолайлы отбасында тәрбиеленген. Ол жасөспірімнің ешқандай материалдық тапшылық көрмегенін, сондай-ақ есірткінің алдын алу бойынша ұйымдастырылатын іс-шараларға тұрақты қатысып жүргенін атап өтті.
«Бұл баланың ұсталуы полиция қызметкерлері үшін де, жеке өзім үшін де қуаныш емес. Бұл – бәріміз үшін үлкен мәселе әрі қоғамның, құқық қорғау органдарының, мұғалімдер мен психологтардың ортақ кемшілігі», – деді Әбіл Әбілдин.
Оның сөзінше, мектеп оқушысын қылмыстық әрекетке нақты не итермелегені әзірге белгісіз. Себептердің бірі оның араласқан ортасы болуы мүмкін.
Әбіл Әбілдин жасөспірімдердің есірткі қолдануы мен оларды тыйым салынған заттарды таратуға тарту мәселесі әлі күнге дейін өзекті болып отырғанын айтып, бұл түйткілдің толық шешілмегенін жеткізді.