Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтан журналист Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеткіліктілік шегінің көтерілуінен кейін тұрғын үйге деген сұраныс төмендеуі мүмкін екенін айтып, соның әсерінен пәтер бағасы арзандай ма деген сұрақ қойды.
Министр қазіргі уақытта тұрғын үй бағасының төмендеуіне негіз жоқ екенін айтты.
«Мен тұрғын үй нарығындағы бағаның өсетіні немесе төмендейтіні туралы нақты болжам жасағым келмейді. Өйткені мұндай болжам айту дұрыс емес деп санаймын. Бірақ бағаның төмендеуіне алғышарттар жоқ екенін айта аламын», – деді Ерсайын Нағаспаев.
Оның айтуынша, жыл басында тұрғын үй нарығында белсенділік біршама төмендегенімен, жаз мезгілінде баспанаға деген сұраныс дәстүрлі түрде артады.
Сондай-ақ министр коммерциялық тұрғын үй бағасын мемлекет реттемейтінін атап өтті. Оның сөзінше, бұл нарықтағы баға сұраныс пен ұсынысқа байланысты қалыптасады.
Ал әлеуметтік тұрғын үйдің құны мемлекеттік бақылауда қалады және оның бағасы көтерілмейді.