Ерұлан Жамаубаев Қазақстанның орнықтылық қоры директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды. Тиісті шешім 2026 жылғы 23 қыркүйекте қабылданған. Бұл туралы KASE хабарламасында айтылған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Ерұлан Жамаубаев 2020-2021 жылдары Қазақстанның қаржы министрі болды. 2022-2024 жылдары премьер-министрдің орынбасары әрі қаржы министрі қызметін атқарды. Ал 2025 жылдан бері Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары болып жұмыс істеп келеді.
Жамаубаев бұған дейін де Қазақстанның орнықтылық қорының директорлар кеңесін басқарған. Ол бұл қызметті 2025 жылғы наурыздан бері атқарып келген.
Қазіргі таңда қордың директорлар кеңесінде төрт адам бар. Оның құрамына Ерұлан Жамаубаев, басқарма төрағасы Ерболат Оспанов және тәуелсіз директорлар Джованни Капаннелли мен Айдархан Құсайынов кіреді.
KASE хабарламасында 23 қыркүйектегі шешімнің қабылдану себебі көрсетілмеген.
Қазақстанның орнықтылық қоры 2017 жылы Ұлттық банктің шешімімен банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттыру бағдарламасының операторы ретінде құрылған. Қор банктерге қаржылай қолдау көрсетуге және қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламаларды жүзеге асырады.