АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі шетелдік студенттердің елде болуына қатысты жаңа ережелерді бекітті. Бұл туралы Associated Press агенттігі хабарлады.
Жаңа тәртіпке сәйкес, қыркүйек айынан бастап шетелдік студенттер АҚШ-та ең көбі төрт жыл бола алады. Егер оқу бағдарламасы бұдан ұзақ мерзімге созылса, студенттер мәртебесін ұзарту үшін федералдық органдарға өтініш беруі тиіс.
Қазіргі қолданыстағы тәртіп бойынша, шетелдік студенттер виза талаптарын сақтаған жағдайда оқуын аяқтағанға дейін елде қала алады. Бұл әсіресе магистратура мен докторантура сияқты төрт жылдан ұзаққа созылатын бағдарламаларға қатысты.
Сонымен қатар жаңа құжат студенттердің мамандығын немесе білім беру бағдарламасын өзгерту мүмкіндігін де шектейді. АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігінің мәліметінше, кейбір шетелдік студенттер оқуын аяқтағаннан кейін басқа бағдарламаға түсіп немесе мамандығын ауыстырып, елде болу мерзімін ұзартқан.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, белгіленген мерзім шетелдік студенттерді мұқият тексеруге және виза талаптарының сақталуын тиімді бақылауға мүмкіндік береді.
Алайда АҚШ университеттерінің өкілдері бұл өзгерістерге қарсылық білдірді. Олардың пікірінше, мәртебені ұзарту рәсімі студенттерге, жоғары оқу орындарына және көші-қон қызметтеріне қосымша әкімшілік жүктеме түсіреді.
Халықаралық білім беру ұйымдары да жаңа талаптардың АҚШ-тың шетелдік талапкерлер үшін тартымдылығын төмендетуі мүмкін екенін айтады. Әсіресе оқу ақысы есебінен қаржыланатын шағын университеттерге бұл өзгерістер айтарлықтай әсер етуі ықтимал.
Жаңа ережелер студенттермен қатар алмасу бағдарламаларына қатысушыларға және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне де қатысты болады. Құжат 17 шілдеде АҚШ-тың Федералдық реестрінде жарияланады.